Абай облысыТОП

Облыс әкімі Әзербайжан делегациясымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлім Байелмен кездесті. Кездесуге Әзербайжан-Қазақстан Іскерлік кеңесінің төраға орынбасары, Түркі кәсіпкерлер қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы Аслан Кунияров, Әзербайжан инвестиция холдингінің,  Әзербайжан бизнесті дамыту қорының өкілдері қатысты.

Делегация Алакөл жағалауында халықаралық деңгейдегі емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысын салу жөнінде ұсыныс айтып, инвестициялық жобаны таныстырды.

Инвесторлар Алакөлде жыл бойы жұмыс істейтін, бір мезетте 800 адамға дейін қабылдай алатын туристік нысан салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтып, медицина мен демалысты тоғыстырған жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Әзербайжан мен Қазақстан одақтастықтың жаңа деңгейіне шықты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Әзербайжанға үш рет ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы алдымызға Әзербайжан елімен экономикалық байланыстарды нығайтып, өндіріс, туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде нақты міндет қойды. 2024 жылы Қазақстан-Әзірбайжан бірлескен инвестициялық қорын құрдық. Егер Алакөл жобасы сәтті жүзеге асса, бұл аталған қор аясында іске асатын алғашқы жобалардың бірі болмақ,- деді Әлім Байел.

Аймақ басшысы туристік жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

Қазақ пен әзербайжан – тарихы бір, тамыры ортақ туысқан ел. Бізді біріктіретін, бауырластыратын ортақ дүниелер көп. Біздің облысымызға осындай тамаша ұсыныспен келгендеріңізге, ауқымды туристік кешенді біздің аймақта салуға ниет білдіргендеріңізге қуаныштымыз. Қазіргі таңда Алакөл туристік аймағының бас жоспары әзірленіп жатыр. Сол жерден орын бөлуге дайынбыз. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button