Семейдегі сән сахнасында “Абай рухы”

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мәдени шаралар аясында «Абай рухы» атты халықаралық сән көрсетілімі өтуде.
Сән көрсетілімі қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қазіргі заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған. Жобаға Қазақстанның Қарағанды, Астана, Алматы және Өскемен қалаларынан келген жас дизайнерлер қатысты. Олар маталар мен ою-өрнектер арқылы Абайдың рухани мұрасын жаңа қырынан танытуды мақсат етті.
«Абай – шабыт көзі», «Қазақи стиль заманауи үлгіде», «Мұра – болашаққа жол» атты үш бөлімнен тұратын көрсетілімде ұлттық нақыш пен қазіргі сән үрдістері сәтті үйлестірілді. Қырғызстаннан арнайы келген дизайнерлер де жастарға арналған заманауи топтамаларын ұсынды.
— Қазіргі таңда жастар ұлттық киімге ерекше ықылас танытып келеді. Бұл тек сән үрдісі емес, ұрпақ санасындағы рухани серпіліс. «Абай рухы» жобасы осы бетбұрыстың көрінісі, – деді жобаның ұйымдастырушысы Ботагөз Нұржанқызы.