Абай облысында фискалдық чектер бойынша жүлде ұтысы жалғасып жатыр

Абай облысында «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» және «Бәйге» акциялары жалғасып жатыр. Бұл туралы Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова баяндады.
Спикердің айтуынша, «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясы ағымдағы жылдың 3 сәуірінен 31 желтоқсанына дейін өткізіледі. Қатысу үшін азаматтар сатып алған тауар немесе қызмет үшін берілген фискалдық чекті 24 сағат ішінде «Amian» мобильді қосымшасына тіркеуі қажет.
– Әрбір чек бойынша 1 теңгеден бастап кэшбэк алуға болады. Бір чектен қайтарылатын ең жоғары сома – 5 000 теңге, ал күндік лимит – 10 000 теңге. Егер бұл шектен асса, жүйе келесі күнге дейін автоматты түрде бұғатталады, – деді Әсем Тұрлыбекова.
Оның айтуынша, қосымшада «Fortune дөңгелегі» ойыны да қарастырылған. Қолданушы кез келген чекті тіркеп, дөңгелекті айналдыру арқылы қосымша сыйлықтар мен чектің белгілі бір пайызын қайтарып алуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, 1 мамырдан бастап «Бәйге» акциясы іске қосылған. Бұл жоба бойынша әр тоқсан сайын фискалдық чектерді көптеп тіркеген белсенді пайдаланушылар арасында жүлделер ойнатылады.
– «Бәйге» – белсенділік танытқан азаматтарды ынталандыруға бағытталған. Әр тоқсан сайын random.org арқылы жеңімпаздар анықталады. Жүлде қоры – 100 000 теңге. Бұл акция азаматтардың чекті уақытылы тіркеу әдетін қалыптастырып, ашық экономикаға көшуге ықпал етеді, – деп атап өтті спикер.
Мұндай бастамалар көлеңкелі экономиканың алдын алып, салық мәдениетін арттыруға бағытталған.