Абай облысыМәдениетТОП

 “Айналдым елім” ән кеші аншлагпен өтті

Абай атындағы театрда Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың “Айналдым елім” атты ән кеші өтті.

Зал көрерменге лық толды — семейліктердің сүйікті әншісіне деген ықыласы зор, ыстық.

– Шаршап келген халыққа бір сағат болса да жақсы көңіл-күй сыйласақ екен деймін. Аудандарға да жол тартсам деймін — ауыл халқы бізді алыстан емес, жақыннан көрсін. Келем деген жерлестерім үшін есік әрдайым ашық. Абай тойының мәні зор. Елге келіп қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе. Өңірде тойдан той жалғасып жатқаны мені қуантады, – деді Майра Ильясова.

Кеш еркін әрі ерекше форматта өтті. Халықтың сүйіктісі көрермендермен еркін байланыс орнатып, Хакімге қатысты сұрақ қойып, сондай-ақ, Абайдың әндерін үздік орындаған көрерменге арнайы естелік сыйлық табыстады.

– Айтумен шектелмей, Абайша ойлауға тырысайық. Халық аманаты болған мұраны әрқайсымыз түсініп, бойымызға сіңіріп, дәріптесек – мақсатымыз сол, – деді өнер иесі.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыс аумағында онкүндік мәдени бағдарламалар жалғасып жатыр. Барлық шаралар ашық есік форматында, яғни көрермендер үшін тегін ұйымдастырылуда.

Кеште сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Макенова, “Жас Қанат – 2016” байқауының жеңімпазы Парасат Отан және халықаралық байқаулардың лауреаттары — “Әдемі-ай” дуэті өнер көрсетті.

Гастрольдік сапар аясында “Айналдым елім” концерті 3–6 тамыз күндері Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button