Абай облысыМәдениетТОП

Абай облысында Майра Ильясованың “Айналдым елім” атты ән кеші өтеді

Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында «Айналдым елім» атты шығармашылық кеш өтеді. Кеш барысында Абай шығармашылығына арналған әндер мен қазақ музыка өнерінің інжу-маржандары орындалады.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясова баяндады.

– Бүгін Абай елінде өнер көрсетіп, Семей жұртшылығымен бірге осы киелі өңірдің үлкен мерекесін атап өту – мен үшін зор құрмет. Біз мұнда 10 күнге келдік. Осыдан бір айдай уақыт бұрын Абай облысының әкімі Берік Уәли мырза арнайы шақырту жолдаған еді. Алда осындай мазмұнды іс-шара өтетінін айтып, қатысуымызды сұрады. Біз бұл ұсынысты қуана қабылдап, халқымызбен қайта қауышатынымызға ерекше қуандық. Бүгін «Айналдым елім» атты менің жеке шығармашылық кешім өтеді. Біз гастрольдік сапар аясында Абай облысының бірнеше ауданын аралаймыз. Барлық концерттеріміз халық үшін тегін ұйымдастырылады. Алғашқы концертіміз Үржар ауданындағы Таскескен ауылынан басталады, – деп атап өтті Майра Ильясова.

Сонымен қатар, атаулы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Макенова, “Жас Қанат – 2016” байқауының жеңімпазы Парасат Отан, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары “Әдемі-ай” дуэті өнер көрсетеді.

– Туған жерге табан тіреп, халқыммен қауышып отырғаныма ерекше қуаныштымын. Менің еңбек жолым дәл осы – қазіргі Абай облысынан басталған еді. Сондықтан бұл өңірдің мен үшін орны бөлек. Бүгін Қазақстанның халық әртісі, әріптесім Майра Ильясованың шығармашылық кешіне арнайы келіп отырмын. Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан бұл шараға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымын. Баршаңызды бүгінгі кешке қатысып, тамашалауға шақырамын, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Макенова.

Гастрольдік сапар аясында концерт 3–6 тамыз күндері Үржар, Аягөз, Жарма, Жаңасемей аудандарында да жалғасады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button