Семейде Аңсаған Мұстафаның Абайға арналған көрмесі өтеді

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында 1 тамыз күні Семей қаласының Арбат алаңында танымал суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында автордың өзі мәлімдеді.
– Көрменің мақсаты – Абайдың терең ойларын бүгінгі ұрпаққа насихаттау. Экспозицияға 1,5 жыл дайындалдым. 58 жұмысымда ақын көтерген өзекті тақырыптарды бейнеледім. Әр туынды алдында Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін қайта оқып, мағынасына терең үңілдім, – деді Аңсаған Мұстафа.
Көрмеде ақыл, жүрек пен қайрат теңдігі, ар-ождан, еңбек, талап, мақтаншақтық пен рухани кемелдік секілді тақырыптар көркем тілмен бейнеленген. Әр туындының жанында Абай шығармаларынан алынған нақыл сөздер мен үзінділер ұсынылады.
– Абайды жаттап айту емес, жүрекпен сезіну маңызды. Егер көрермен көрмеден бір ой, бір сезім немесе бір сұрақ ала кетсе – мақсатым орындалды деп есептеймін. Біз отбасымызбен Абай шығармашылығын оқып, талдауды әдетке айналдырғанбыз. Ұйымдастырушылар ұсыныс жасағанда бірден келістім, – деді суретші.
Аңсаған Мұстафаның арт-пластик форматындағы туындылары осы уақытқа дейін әлемнің 30-дан астам елінде өткен 155 көрмеге қатысқан. Олардың қатарында Корея, Түркия, Аргентина, Мексика, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Иран, Польша, Үндістан және өзге мемлекеттер бар.