Облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Облыс әкімі Берік Уәли азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев, тиісті басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалының және қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй кезегін жылжытуға, көп балалы аналарға бөлінетін тұрғын үй санын көбейтуге, көп балалы отбасыларға қоғамдық көліктерде, басқа да орындарда жеңілдік көрсетуге қатысты ұсыныстарын айтты.
Бекжан Бапышев пен «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалының директоры Равиль Сәбитов тұрғындарға баспананың қалай берілетінін заңдық тұрғыда түсіндіріп берді. Бекжан Бапышевтың айтуынша, көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешудің бір жолы – қаладағы тұрғын үй қорының санын ұлғайту. Бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізілуде.
Қазіргі таңда Семей қаласы бойынша 13 057 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, соның ішінде 1 895-і – көпбалалы отбасы. Соңғы үш жылда көпбалалы аналарға 215 пәтер берілген.
Көпбалалы отбасылардың «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы баспана алуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте 2% жылдық мөлшерлемемен несие рәсімдеп, бастапқы жарнаның 10 пайызын мемлекеттен тұрғын үй сертификаты ретінде өтеу қарастырылған.
Аймақ басшысы қабылдауда айтылған ұсыныстардың назардан тыс қалмайтынын, жеке бақылауында ұстайтынын айтты.
Біз өз тарапымыздан «Отбасы» банкіне үйлерді бөлу кезінде өз ұсынысымызды міндетті түрде жеткіземіз. Барлығы заң аясында шешілуі керек. Осы бағытта ықпал етеміз деп уәде беремін. Қоғамдық көлікпен жүру мәселесін мәслихат арқылы шешуіміз қажет. Бұл үшін қолданыстағы ережеге өзгерістер енгізіп, тиісті шешім қабылдау керек. Жергілікті әкімдік тарапынан бұл бағытта қажетті қолдау көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ