Абай облысыСпортТОП

Семей қаласында алғаш рет халықаралық футбол турнирі – «ABAY CUP 2025» өтті

Абай облысының орталығында «ABAY CUP» халықаралық футбол турнирі өтті. Аталған жарысты Абай облысы әкімдігі, Абай облысының футбол федерациясы, Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ қатысушыларды өз алаңында қарсы алған «Елімай» футбол клубы бірлесіп ұйымдастырды.

Турнирге 2014 жылы туған жасөспірім футболшылардан құралған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысты. Жалпы саны 8 команда бақ сынады. Қатысушы қалалар қатарында Семей, Өскемен, Бішкек, Ташкент, Абакан және басқа да қалалар бар.

Жарыс нәтижесінде: 1-орын — «Елімай» ФК (Семей, Қазақстан), 2-орын — «Атлетик» ФК (Абакан, Ресей), 3-орын — «Алтай» ФК (Өскемен, Қазақстан).

Турнир барысында үздік ойыншыларға жекелеген номинациялар бойынша марапаттар табысталды:
«Үздік қақпашы» — Тамерлан Жұмабек («Елімай» ФК), «Үздік қорғаушы» — Мадияр Талғат («Алтай» ФК), «Үздік жартылай қорғаушы» — Тимофей Черемнов («Спартак-Юниор» ФК), «Үздік шабуылшы» — Богдан Сундeeв («Темп» ФК), «Үздік сұрмерген» — Абузар Мамадияров («Дордой» ФК), «Турнирдің үздік ойыншысы» — Вячеслав Побызаков («Атлетик» ФК), «Техникалық ойыншы» — Мухамедали Бегалиев («Чигатай» ФК), «Көрермен көзайымы» жүлдесі — Бауыржан Жасұлан («Жеңіс» ФК).

Турнир спорт мерекесіне, толассыз эмоция мен жаңа таныстықтарға айналды. Көптеген жас спортшылар үшін бұл — осындай ауқымды халықаралық жарыста алғаш рет бақ сынау мүмкіндігі болды.

«Футболмен бес-алты жасымнан бері айналысамын. Қазір футбол орталығында күн сайын дерлік жаттығамын. Мақсатым – жай ғана кәсіби футболшы болу емес, өз қолтаңбамды қалдыру», – деді «Жеңіс» ФК ойыншысы Диас Убинияз.

Айта кетейік, турнир қазақтың Ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өңірдің туристік және мәдени тартымдылығын арттыру. Осыған орай, турнир қонақтарына өңірдің тарихи нысандары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Жас спортшылар Абайдың музейіне, тарихи-өлкетану музейіне барды, Ертіс жағалауында серуендеді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button