Абай облысының тұтынушыларына 24 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Абай облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 544 өтініш түсті. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 80%-ға көп. Алты айдың ішінде тұтынушыларға 24 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Департамент басшысының орынбасары Карина Тайкенова мәлімдеді.
Ең көп қаражат 17,5 миллион теңге сапасыз автокөлік үшін қайтарылған. Автосалоннан сатып алынған көліктің сыртқы бояуында ақаулар анықталғанымен, сатушы ақшаны қайтарудан бас тартқан. Алайда азамат Департаментке жүгініп, сатушымен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде келісімшарт бұзылып, барлық қаражат толықтай қайтарылған.
– Тұтынушыға заңгерлік қолдау көрсетіліп, кеңес берілді. Сондай-ақ сотқа дейінгі шағым дайындауға көмек көрсетілді. Осындай азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімді әрі дұрыс жұмыс істеуінің нақты мысалдары жетерлік, — деді Карина Тайкенова.
Жалпы өтініштердің басым бөлігі 343 өтініш жеке сауда саласына тиесілі. Екінші орында тұрмыстық қызметтер бойынша 107 өтініш болса, үшінші орында электрондық сауда саласынан 40 өтініш тіркелген. Көп жағдайда азаматтар сапасыз тауарлар мен қызметтерге, сондай-ақ сатушылардың ақшаны қайтарудан бас тартуына шағымданады.
– Заң бойынша тұтынушы сапалы тауарды да қайтаруға құқылы. Ал егер тауарда ақаулар анықталса, сатып алушының оны жөндетуден бастап келісімшартты бұзуға дейін бірнеше құқығы бар, — деп атап өтті спикер.
Департамент әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын да қадағалайды. Жыл басынан бері 101 сауда орны тексеріліп, оның нәтижесінде 98 кәсіпкерге 705 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұзушылықтардың көпшілігі сауда үстемесін шектен тыс арттыру және бағалардың көрсетілмеуімен байланысты.
Спикердің айтуынша, ағартушылық жұмысқа да ерекше назар аударылуда: әлеуметтік желілерде 330-дан астам жазба жарияланып, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 47 материал жарық көрген. Сонымен қатар, тұрақты түрде «Ашық есік күндері», брифингтер мен азаматтарды қабылдау шаралары өткізіліп келеді.
Жаңа бағыттардың бірі — сапасыз өнімдерден нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Сапалы өнім» жобасы. Бұл бастама аясында Департамент мамандары өнім үлгілерін алып, оларды зертханалық тексеруге жібереді. Нәтижесінде 24 заңбұзушылық анықталып, соның төртеуіне 600 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.