Абай облысында балалар арасындағы менингит 9 жағдайға азайды

Облыста ішек инфекциялары мен энтеровирустық ауруларға байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгул Токтабаева баяндады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде жіті ішек инфекциясының 245 жағдайы тіркелген.
– Оның 76 %-дан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 есеге артты. Аурудың негізгі себептері – үй жағдайында дайындалған тағамдарды дұрыс сақтамау және жеткіліксіз термиялық өңдеу. Облыста сальмонеллездің 20 жағдайы тіркелген. Бұл жағдайлардың 90 %-ы Семей қаласында анықталып, олардың көп бөлігі балалар арасында кездескен. – деді Айгул Токтабаева.
Сондай-ақ ол биыл энтеровирустық инфекциялардың ішінде ең ауыр түрі – серозды менингиттің 8 жағдайы тіркелгенін атап өтті.
– Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 жағдайға, ал балалар арасында 9 жағдайға төмендеген. Аурудың негізгі таралу жолдары – ашық су қоймаларында шомылу және қайнатылмаған суды пайдалану. Осыған байланысты жүргізілген санитарлық бақылау аясында ашық су қоймаларынан энтеровирустарға 67, субұрқақтардан 5 су сынамасы алынды. Барлық сынамалар теріс нәтиже көрсетті, – деді басшы орынбасары.
Абай облысының бас штаттан тыс инфекционисті Имдат Эфендиевтің мәліметінше, қатты бас ауруы, жоғары температура, құсу сияқты белгілерге назар аудару керек. Мұндай жағдайларда күтпеңіз: дереу ауруханаға бару керек. Егер энтеровирустық менингитке күдік болса, жұлын пункциясы жасалады – бұл диагнозды растауға және науқастың жағдайын жеңілдетуге ғана емес мүмкіндік беретін маңызды және қауіпсіз диагностикалық және терапиялық әдіс. Біздің жұқпалы аурулар ауруханасы толық жабдықталған, қызметкерлер оқытылды, алгоритм оңтайландырылған, – деді бас штаттан тыс инфекционист.
Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалды ушықтырмау мақсатында апта сайынғы мониторинг, зертханалық зерттеулер мен халық арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындарға жеке бас гигиенасын сақтау, тағам өнімдерінің жарамдылық мерзіміне назар аудару және белгісіз сауда орындарынан тамақ сатып алмау ұсынылады.
Алда өтетін Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында халық көп жиналатын ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады. Осыған орай, мамандар инфекциялық аурулардың алдын алу шараларын күшейтуді және санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ескертеді.