Облыс әкімі «Семей Құрылыс Материалдары» зауытына барды

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында шифер, асбестоцемент бұйымдарын өндіретін «Семей Құрылыс Материалдары» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Кәсіпорын 1961 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 300-ге жуық адам еңбек етеді. Негізгі өнімдері: хризотилцементті тақта, асбокартон, газобетон және фиброцемент панельдер. Өнім өндірісіне жыл сайын 3 069 тонна асбест, 25 305 тонна цемент, 4 816 мың тонна әк, 24 945 мың тонна құм және 380 тонна гипс пайдаланылады. Зауыт соңғы рет 2024 жылдың қыркүйегінде жаңғыртудан өткен.
Жоспарланған өндірістік қуат бойынша кәсіпорын жылына 2,9 миллион шаршы метр немесе 1,5 миллион дана шифер, 500 тонна асбокартон, 60 мың текше метр газобетон және 1,44 миллион шаршы метр цементті қабырға панельдерін шығаруды көздеп отыр.
Қазіргі таңда кәсіпорын өңірдегі құрылыс қарқынына байланысты өндірісті ұлғайтып жатыр. Алдағы бес жылда жаңа зауыт салып, заманауи жабдықтар алуды жоспарлап отыр. 2025 жылға арналған даму стратегиясы аясында интерьерлік панельдер өндіру бойынша 1,5 млн теңгелік инвестициялық жобаны іске асырмақ.
Кәсіпорын жұмысымен танысқан аймақ басшысы құрылыс материалдарын өндіру өңір экономикасының маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Семей Құрылыс Материалдары» зауыты – өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Қазіргі өндіріс пен жоспарланған қуат көлемі кәсіпорынның әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр. Отандық өнімнің сапасын арттырып, өндірісті ұлғайтуға жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсететін боламыз. Зауыттың өнімдері бәсекеге қабілетті, еліміздің өзге өңірлерінде де сұраныс жоғары. Алдағы уақытта облыста үлкен құрылыс нысандары салынады. Мердігер компаниялар осы кәсіпорынның өнімдерін алуы қажет, – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ