Облыс әкімі «Baiqymyz» гастрофестивалінің жеңімпаздарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли республикалық «Baiqymyz» гастрофестивалінде жеңімпаз атанған Абай ауданы Саржал ауылының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық сусынымыз – қымызды ұлықтаған азаматтарға құрмет көрсетті.
Астана қаласында 19-20 шілде күндері өткен «Baiqymyz» гастрофестиваліне 50-ге жуық қымыз өндіруші өз өнімдерін ұсынған болатын. Саржал ауылының құрамасы сайыста І орын алып, 20 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты иеленді.
Аймақ басшысы кездесуде саржалдық қымыз өндірушілерді құттықтап, Алғыс хат тапсырды. Алдағы уақытта да Абай өңірінің брендіне айналған қымызды республика деңгейінде насихаттаудың маңызды екенін атап өтті.
Сіздерді республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылған «Baiqymyz» гастрофестивалінде бас жүлдені жеңіп алғандарыңызбен тағы да шын жүректен құттықтаймын. Тағы да дейтін себебім, сіздердің жеңістеріңізді естігенде қатты қуанып, бірінші болып әлеуметтік желілерде құттықтадым. Шын мәнінде, облыс болып, ел болып қуанып жатырмыз. Бұны жылдар бойы атқарылған адал еңбектің әділ бағалануы деп есептеймін.Облысымыз үшін үлкен мәртебе әрі әділетті жеңіс деп бағалаймыз! Өйткені, Саржалдың сары қымызы – көптен бері ел аузында жүрген, талай жұрттың таңдайын қақтырған табиғи өнім. Тек Абай облысы ғана емес, республикаға танымал брендке айналды, – деді облыс әкімі.
Біздің қуанышымызда шек жоқ. 40 мыңға жуық адам қатысқан үлкен жарыста екі күн бойы Саржалымыздың қымызының атын елге таныту үшін тынымсыз еңбек еттік. Абай атамыздың 180 жылдығы қарсаңында бұл жеңістің маңызы зор болды. Саржал 2 мыңға жуық тұрғыны, 20 мыңнан астам жылқысы бар ауыл. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін бие сауып, қымыз өндіреді. Көзімді ашқалы қымызды көріп өстім. Қымызымызды ары қарай да насихаттай береміз. Арнайы қабылдап, құрмет көрсеткеніңізге алғыс айтамыз, – деді «Озат» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлмира Болатова.
Фестиваль аясында Абай ауданынан келген кәсіпкер Сәулет Әнуаровтың «Adil Kymyz» өнімі «Күміс торсық» номинациясын иеленді. Ал Бесқарағай ауданынан қатысқан «Мукинов» шаруа қожалығының «Бесқарағай» типтес жылқысы «Қазақтың салмақты жылқысы» аталымы бойынша үздік деп танылды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ