Абай облысыТОП

Абай ауданында «Этно ауыл Жидебай» туристік кешенінің құрылысы басталды

«Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Абайдың 180 жылдығына орай Абай ауданындағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Бүгін ғимараттың іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, меценат Бектас Медғатов қатысты.

Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешеннің жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Жобаның мақсаты – өңірдегі туризмді дамыту, рухани-мәдени мұраны дәріптеу және Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдыру.

Кешеннің құрамында жыл бойы жұмыс істейтін киіз үйлер мен бунгало үлгісіндегі қонақүйлер, этно-SPA орталығы мен қоғамдық тамақтану орындары қарастырылған. Сонымен қатар ипподром, хайуанаттар бағы, конференц-зал, тимбилдингке арналған арнайы аймақтар, электромобильдерді қуаттау станциялары мен қымыз құю желісі бар заманауи орындар болады.

Жоба іске қосылғаннан кейін 50 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға оң әсер етеді.

Облыс әкімі бұл жобаның Абай ауданының туризм саласын дамытып қана қоймай, аудан экономикасына да серпін беретінін атап өтті.

Осы елден түлеп ұшқан Құлжановтар әулеті «Туған жерге туыңды тік» атты акциямызға қолдау білдіріп, өздерінің атақоныстарының маңынан, Жидебайдың жанынан халыққа қызмет көрсететін демалыс орнының жұмысын бастап жатыр. Бұл аудан тұрғындары, туристер тарапынан да көптен бері айтылып жүрген болатын. Елдің тілек-арманын жүзеге асырғалы отырған Құлжановтар әулетіне барша Абай елі атынан алғыс айтамын. Сонымен қатар, меценат Бектас Шыңғысұлы Қарауыл ауылында аумағы 1200 шаршы метрден асатын қонақ үй құрылысын бастайды. Қонақ үй кешенінде заманауи мейрамхана, кофейня, жазғы терраса, балалар ойын аумағы, бильярд залы болмақ. Бұл жоба жүзеге асқанда тағы 15 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Осы жобалардың кедергісіз жүзеге асуына жергілікті әкімдік тарапынан жан жақты қолдау көрсетілетін болады, – деді аймақ басшысы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button