Абай ауданында 50 орындық әлеуметтік орталық ашылды

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Орталықтың жалпы ауданы 310 шаршы метрді құрайды. Мұнда 165 адамға қызмет көрсету қарастырылған. Құрамында үш бөлімше жұмыс істейді. Жартылай стационар 30 адамға, үйде қызмет көрсету бөлімшесі 125 адамға, отбасын қолдау орталығы 10 адамға арналған. Жалпы 13 кабинет бар, 31 қызметкер жұмыс істейді.
Орталықта физиотерапия, емдік дене жаттығулары, массаж, психологиялық қолдау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешенді оңалту қызметтері көрсетілетін болады.
Нысанның ел игілігіне берілуіне аудан тұрғыны Сейфолла Рахымбаев зор үлес қосты. Ол өзіне тиесілі екі қабатты ғимаратты мемлекетке тегін беріп, әлеуметтік жобаның жүзеге асуына ықпал етті. Ғимаратты толық күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи стандарттарға сай жабдықтау үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.
Орталықтың ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы ғимараттың аудан тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Семей ядролық сынақ полигонының зардабы осы өлкеге, ұлылар мекені Абай ауданына өлшеусіз кесірін тигізді. 1949 жылдан 1989 жылға дейін жүргізілген 450-ге жуық ядролық жарылыстың салдары мыңдаған адамның денсаулығына, ұрпақ тағдырына, жер мен табиғатқа орны толмас зиян келтірді. Сол зардаптың салқыны бүгінгі күнге дейін сезіліп отыр. Радиациялық әсерден денсаулығы әлсіреген жандарға қолдау көрсету – біздің азаматтық әрі адамдық борышымыз. Осы ретте Президенттің тапсырмасымен оңалту орталығының Абай ауданында ашылуы – аса маңызды әрі игілікті іс. Аталған орталықтың салынуына ерекше үлес қосқан осы жердің тумасы, абайлық азамат Сейфолла Рахымбаев ағамызға алғысымыз шексіз. Орталықта физиотерапия, емдік дене жаттығулары, массаж, психологиялық қолдау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешенді оңалту қызметтері көрсетілетін болады. Бұл – тек медициналық көмек емес, сондай-ақ үміттің, жанашырлықтың, адамға деген құрметтің орталығы. Біз үшін әр азаматтың амандығы, денсаулығы, өмір сапасы – басты құндылық. Бүгінгі игі бастама – соның дәлелі», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы орталыққа 16 орындық инватакси көлігінің кілтін табыс етті.
Орталықтан ем алатын балалардың ата-аналары ғимараттың ашылғаны үшін ризашылықтарын жеткізді.
Ауылымызда осындай үлкен оңалту орталығын ашып, инватакси сыйлап жатқандарыңызға әлеуметтік көмек алушы балалардың атынан, ата-аналардың атынан зор алғыс айтамын. Президент тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асырылып, армандарымыздың орындалып жатқанына қуаныштымыз, – деді Қарауыл ауылының тұрғыны Сәуле Райымбекова.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ