Абай облысыТОП

Облыс әкімі Абай ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

Жиында алдымен Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов ауданның 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Бұдан кейін баяндама жасаған аймақ басшысы өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, Абай ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Облыс бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң өсіммен сақталып отыр. Жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 пайызға артып, 3,2 трлн теңгені құрады. Өсімнің негізгі бөлігі өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларына тиесілі. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 575,4 млрд теңгеге жетті, оның 75,8 пайызы – жеке инвестиция.

«Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Абай ауданына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылады. Меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен Абайдың 180 жылдығына орай құны 1,2 млрд теңгені құрайтын «Этно ауыл Жидебай» кешені салынады. Аудан орталығында Семей ядролық сынақ полигонының зардабын тартқан азаматтарға қолдау көрсету мақсатында жаңа оңалту орталығы ашылды. Абай ауданы аумағын интернетпен толық қамту үшін Жидебай музей-қорығы мен Бөрілі елді мекенінде антенна-діңгекті құрылғы орнатылуда.

Абай облысында 408 шақырым жылу желісінің 242 шақырымы ауыстыруды қажет етеді. Оның 25 пайызы Абай ауданында орналасқан. Қарауыл ауылына 1,3 шақырым жылу желілерін салуға құжат әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Биыл Абай ауданы бойынша «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар», «Семей-Қарауыл», «Қарауыл-Архат» бағыттарындағы жолдың бірнеше учаскелері жөнделеді. Бұдан бөлек Тоқтамыс ауылы мен Қарауыл ауылындағы көшелерге асфальт төселеді. Аудандағы Архат, Кеңгірбай би, Құндызды ауылдарында су құбырларын қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді.

Биыл ауданда 8 мектепке жөндеу жүргізіліп, 3 мектепке пәндік кабинеттер мен автобус сатып алынады. Кеңгірбай би ауылындағы балалар лагерінің құрылысы жалғасуда. Ауданда әлеуметтік осал топтар үшін 43 пәтер беріледі. Саржал мен Көкбай ауылдарында спорттық модуль құрылысы жүріп жатыр. Аудандық мәдениет үйіне жөндеу жүргізілуде.

Облыс әкімі Абай ауданын дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Абай ауданына үшінші рет келіп отырмын. Өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Алдымызда тұрған үлкен міндет – Абайдың 180 жылдық мерейтойы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мерейтойды жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Баршаңызды атаулы мерейтойға атсалысып, өңірдің биік мәдениеті мен елдігін көрсетуге шақырамын, – деді аймақ басшысы.

Кездесу соңында тұрғындар аудан орталығына қазандық салу, Семей сынақ полигоны аумағындағы халыққа жеңілдік жасау, полигон жерін ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға беру, жедел жәрдем қызметін ауданға қайтаруға, жедел жәрдем көлігін алуға, Жидебай музей-қорығының материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жылыжай салуға қатысты сұрақтарын қойды. Облыс әкімі кездесуде көтерілген мәселелердің, айтылған ұсыныстардың ескерілетінін, ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын айтты.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button