Облыс әкімі Жапонияның Хирошима префектурасының губернаторымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Жапонияның Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзакимен кездесті. Жиынға Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ясумаса Ииджима қатысты.
Кездесу губернатор Хидехико Юзакидің 14-18 шілде аралығында елімізге жасаған сапары аясында ұйымдастырылды.
Жапония делегациясы Курчатов қаласына арнайы барып, ядролық қасіреттің ізі қалған тарихи нысандарда болды. Губернатор Хидехико Юзаки бастаған топ Семей ядролық сынақ полигоны тарихына арналған экспозициялық залды, «Тәжірибе алаңы» аталған сынақ алаңын көрді. Делегация сондай-ақ Семей медицина университетіне барып, өңірдегі медициналық ғылым мен білім беру бағытындағы жұмыстармен танысты.
Ресми делегациямен өткен кездесуде тараптар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы ынтымақтастықты нығайту, Семей ядролық сынақ полигонының салдарын жоюдағы Қазақстанның тәжірибесін, сондай-ақ мәдени-экономикалық байланысты дамыту мәселелерін талқылады.
Аймақ басшысы Абай облысы мен Хирошима префектурасы тағдырлас әрі ниеттес аймақтар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу менің елім үшін басты басымдық болып қала береді. Бұл ұмтылыс бізге ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектігінің ажырамас бөлігіне айналды» деп атап көрсеткен болатын. Сіздердің ұсынып отырған ядролық қарусыздану туралы бағдарламаларыңыз бізді бей-жай қалдырмайды. Семей қаласы да Хиросима қаласы сынды әлемдегі бейбітсүйгіш қалалардың қатарында. Атқарып отырған жұмыстарыңызға қолдау білдіруге, бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Келесі жылы 29-ыншы тамызда Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Соған орай халықаралық конференция өткізсек пе деген ойымыз бар. Еліміздің Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуде Жапония Үкіметінің Семейдегі ядролық сынақтар салдарымен күресу үшін өтеусіз грант беретінін, арнайы бағдарлама аясында атқарылатынын жұмыстар туралы айтып өттіңіз. Сынақтан зардап шеккен облыс ретінде осыған қатысып, 35 жылдық аясында осы шараларды бірге атқаруымыз керек, – деді облыс әкімі.
Хирошима префектурасының губернаторы Хидехико Юзаки жылы қабылдағаны үшін облыс басшылығына алғыс білдірді.
Хиросима қаласы ядролық қарусыз, бейбіт өмір салтын насихаттауда тарихи жауапкершілік алып отыр. Биыл – біздің қалаға атом бомбасының тасталғанына 80 жыл. Осыған байланысты біз ядролық қарусыздану саясатын белсенді қолдауға ниеттіміз. Мұндай кездесулерге бастамашы болу арқылы жаһандық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Аталған бағыттағы әріптестігіміз алдағы уақытта да нығая түседі деп сенемін, – деді ол.
Кездесу соңында аймақ басшысы мәртебелі меймандарды Абайдың 180 жылдық мерейтойына шақырып, өңірде өтетін халықаралық деңгейдегі мәдени шаралар туралы ақпарат берді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ