Абай облысының оқушылары Беларусь мемлекетінде өткен халықаралық форумға қатысты

Беларусь Республикасындағы «Зубренок» Ұлттық балалар білім беру орталығында өткен «Достастық балалары» X халықаралық форумға Абай облысының оқушылары қатысты. Іс-шараға ТМД елдерінен келген оқушылар мен жетекшілер қатысып, мәдени және ағартушылық бағыттағы түрлі бағдарламаларда өз елдерін таныстырды.
Абай облысы атынан барған оқушылар – өңірдің белсенді, дарынды жастары. Олар түрлі шеберлік сағаттар мен шығармашылық кездесулерге қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттады. Делегация жетекшісі – Бородулиха ауданы Н.Островский атындағы мектеп мұғалімі Саят Бодомбаев.
Форум аясында Қазақстан күні ерекше атап өтілді. Оқушылар «Қазақстан – Ұлы Дала елі, бірлік пен болашақтың Отаны» кешін өткізіп, қазақ халқының өнерін, салт-дәстүрін, әдебиеті мен ұлттық ойындарын жоғары деңгейде таныстырды.
Концерт домбыра үнімен ашылып, «Қара жорға» биі, Абай мен Мұқағали жырлары, асық ойыны және дәстүрлі көріністер көпшіліктің ықыласына бөленді. Интерактивті сұрақ-жауап бөлімі мен бейнеролик арқылы көрермен Қазақстан туралы терең мағлұмат алды.
Кешті Еділ мен София үш тілде жүргізді. Сонымен қатар форум барысында Еділ, София және Ахмади Беларусь телеарналарына сұхбат беріп, халықаралық аудиторияға Қазақстан жайлы кеңінен әңгімеледі.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да назардан тыс қалмады. Қазақстандық жауынгерлердің Брест қамалын қорғаудағы ерлігі туралы бейнеролик ұтымды көрсетілді.
Форум – білім мен мәдениетті бөлісетін алаң ғана емес, достық пен ынтымақтастықтың жаңа көпіріне айналды. Абай облысының делегациясы ел абыройын асқақтатып, Қазақстанның рухани байлығын халықаралық сахнада лайықты көрсетті.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ