Абай облысыҚазақстанТОП

Үкімет Абай облысына қолдау көрсетеді

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Жиында облыс әкімі Берік Уәли өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады.

Облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 103,7 пайызды құрады. Бұл – Ұлттық даму жоспары бойынша межеленген 103,6 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Көлік саласында – 119,6%, құрылыста – 117,4%, байланыста – 108,3%, ішкі саудада – 108,3%, ауыл шаруашылығында – 104,1%, өнеркәсіпте – 101,1% өсім бар.

Биыл жалпы құны 31,1 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 767 жұмыс орны ашылады. Бүгінде құны 1 млрд теңге болатын «Eastern Gold» алтын өндіру фабрикасы іске қосылды. Қазіргі уақытта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 38 жоба енгізілген. Бұл жобалар аясында 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағында 4 жоба жүзеге асуда. Аймақтың 80 пайызы игерілген. Инвесторлардың қызығушылығына байланысты оның аумағын 600 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

Ауыл шаруашылығында суармалы жерлерді ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір облыста 113,4 мың га суармалы жер бар. 2024-2028 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспар аясында 6 су қоймасы салынып, қосымша 31 мың га жер айналымға енгізіледі. Ертіс өзенінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы бұл көрсеткіш тағы 70 мың гектарға ұлғаяды. Нәтижесінде суармалы жер көлемі 214,4 мың гектарға жетеді.

Семей қаласында жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы жоспарлануда. Мың гектар аумақты қамтитын жоба аясында 75 мың адамға арналған тұрғын үйлер және 40-тан астам әлеуметтік, коммерциялық және әкімшілік нысандар салынады.

Алакөл туристік аймағына қатысты арнайы бас жоспар әзірленіп жатыр. Құжатта қабылдау қуатын 15 мыңнан 90 мың адамға дейін арттыру және жағалауды 4 шақырымнан 19 шақырымға дейін ұзарту көзделген.

Облыста өңірге инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда.

Маусым айында өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында 15 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 20 келісімге қол қойылып, халықаралық ынтымақтастықты арттыру жұмыстары жалғасып келеді. Мұның бәрі алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Облыс әкімдігі өңірдің экономикалық өсімін сақтауға бар күш-жігерін салатын болады. Алдымызға қойылған міндеттерді уақтылы орындайтын боламыз, – деді аймақ басшысы Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Абай облысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Үкімет мүшелеріне айтатыным – Абай облысын қолдау керек. Жаңадан құрылған өңір. Республикалық бюджеттен жіберілетін қаражаттың көлемі жеткіліксіз. Соның бәрін ескеріп, қаржыландыру көлемін арттыру керек, – деді Премьер-министр.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button