Абай облысыТОП

Облыс әкімі локомотивтерге техникалық қызмет көрсететін кәсіпорында болды

Облыс әкімі Берік Уәли Курчатовтағы «Компания «Балапан Көлігі» ЖШС-нің локомотивтерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету цехына барып, кәсіпорынның өндірістік әлеуетімен танысты.

Кәсіпорында 1007 адам жұмыс істейді. Серіктестіктің негізгі бағыты көмір мен темір кенін теміржол арқылы тасымалдау. Қазіргі уақытта серіктестік Ақтөбе облысындағы «Бенкала» кен орнынан Шолақсай станциясына дейін көмір жеткізумен айналысады. Сонымен қатар Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен өзге де өңірлерді қатты отынмен қамтамасыз етіп келеді.

Үздіксіз тасымал процесін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын бірқатар техникалық және инфрақұрылымдық жұмыстарды жүзеге асырады. Атап айтқанда, кәсіпорын өз меншігіндегі және келісімшарт негізінде тартылған локомотивтерге техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар компания өз теміржол желісін күтіп ұстаумен қатар, жаңғырту және салу жұмыстарын атқарады. Бұдан бөлек өзге ұйымдарға тиесілі теміржол инфрақұрылымына да техникалық қызмет көрсетеді.

Облыс әкімі кәсіпорынды аралап, жұмыс барысымен танысты. Мекеменің жүк тасымалдау мен өңірді отынмен қамтамасыз етудегі атқарып жатқан істерінің маңызын атап өтті.

«Теміржол тасымалы стратегиялық сала. Бұл компания жүк қозғалысын тоқтатпай, бірнеше өңірге көмір жеткізіп отыр. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, инфрақұрылымды дамытып жатқандары қуантады. Әкімдік тарапынан мұндай өндірістерге тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button