Облыс әкімі Курчатов қаласының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.
Жиында алдымен Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдірәлиев шаһардың 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Бұдан кейін баяндама жасаған аймақ басшысы өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, Курчатов қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Өздеріңіз білесіздер, бұл Курчатовқа алғаш рет келуім емес. Осыған дейін де бірнеше рет келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстым. Курчатов – шағын болса да, стратегиялық маңызы бар қала. Мұндағы негізгі кәсіпорын – Ұлттық ядролық орталық жетекші елдермен бірлесіп, атом саласындағы бірқатар жобаларды іске асырып отыр. Қазіргі уақытта «Ғылымды қажетсінетін аумақтарды» дамыту жөнінде Заң жобасы әзірленуде. Келесі жыл Курчатов үшін тарихи жыл болады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Кездесуде аймақ басшысы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3 пайызға өсіп, 3,2 трлн теңгеге жеткенін атап өтті. Курчатов қаласындағы жылумен қамтамасыз ету, таза ауыз су, тұрғын үй, жол, білім, медицина және мәдениет салаларындағы негізгі жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Биылғы жылу маусымын тұрақты өткізу мақсатында 3,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Курчатовтағы 4 қазандық пен жылу желілерін жөндеуге 381,6 млн теңге қарастырылған. Жергілікті желілердің 35 пайызы тозған. Қаланың бірыңғай жылу көзін салу жобасы дайындалып, сараптамадан өтуде. Болжамды құны – 18 млрд теңге.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында 33 жоба іске асырылуда. Қаладағы сорғы-сүзгі станциясын жөндеуге 188,5 млн теңге бөлінген.
Курчатов қаласы көшелерінің жалпы ұзындығы – 42 шақырым, оның 36 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл реконструкцияға Ұлттық қордан 700 млн теңге бөлінді.
Облыста биыл 1 140 жалға берілетін пәтер сатып алу көзделген, оның 70-і Курчатов қаласында берілмек. Сонымен қатар, 283,9 млн теңгеге 4 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. №3 мектепке пәндік кабинет сатып алынады. Қаладағы балалар лагері де жөндеуден өтеді. Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында 2,2 млрд теңгеге жөндеу, 6,9 млрд теңгеге медициналық жабдықтар сатып алуға қаржы бөлінген. Қалалық аурухананың 4-ші қабатын жөндеуге – 196,9 млн теңге, құрал-жабдықтарға – 102,4 млн теңге қарастырылған.
Қалада спорт және мәдениет нысандары да жаңартылуда. Курчатовта дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Мәдениет үйінің қасбетін жөндеуге 35,1 млн теңге бөлінген.
Облыс әкімі Курчатов қаласын дамыту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Курчатов қаласының болашағы зор. Шағын шаһар алдағы уақытта қарқынды дамитын болады. Халықтың саны да артады. Курчатовқа барынша қолдау көрсетеміз. Шаһардың дамуы үнемі менің назарымда болады, – деді аймақ басшысы.
Кездесу соңында тұрғындар жас мамандарға, әсіресе мемлекеттік қызметкерлерге арналған тұрғын үй құрылысын салу, қаладағы бос тұрған ғимараттарды қалпына келтіріп, тиімді мақсатта пайдалануға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі кездесуде айтылған ұсыныстардың ескерілетінін, ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын айтты.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ