Жастарға арналған «Jas Keñes Sıylığı» байқауына өтінім қабылдануда

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес ұйымдастыратын «Jas Keñes Sıylığı» ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Олжас Сүлеймен хабарлады.
Аталған сыйлық – қоғамның күнделікті өмірінде маңызды рөл атқаратын, алайда көп жағдайда көпшілік назарынан тыс қалатын жас мамандарды қолдау және ынталандыру мақсатында тағайындалған. Байқауға кез келген салада еңбек етіп жүрген, жасы 35-ке дейінгі азаматтар қатыса алады.
Конкурс үш кезеңнен тұрады. Әр номинация бойынша екі жеңімпаз анықталады. Барлығы 10 номинация бойынша 20 жеңімпаз марапатталады. Жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге, әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден табысталады.
– Аталған сыйлық – еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінің түрлі салаларында белсенділік танытып, нақты нәтижелерге қол жеткізген жас мамандарды қолдауға бағытталған. Байқауға өтінімді онлайн түрде www.jas-kenes.kz/application сайтында тапсыру қажет, – деді Олжас Сүлеймен.
Биыл байқау аясында номинациялар саны жетіден онға дейін артты. Жаңа бағыттар қатарында жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының жас оқытушылары, дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар мен атом өнеркәсібі саласында еңбек етіп жүрген жастарға қатысу мүмкіндігі беріліп отыр.
Осы орайда, Абай облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы міндетін атқарушы Олжас Бейсенбаев өңір жастарын белсенділік танытуға шақырды:
– Өткен жылмен салыстырғанда биыл байқауға бірқатар жаңа мамандықтар енгізіліп, номинациялар саны көбейді. Өңірімізден шығып, түрлі салада жетістікке жеткен жастардың табысы өзгелерге үлгі болып, жаңа буын мамандарға серпін беретіні сөзсіз. Бұл – жастар үшін және олардың әлеуетін қолдау үшін маңызды мүмкіндік, – деп атап өтті спикер.