Үлескерлер мәселесі қарастырылды

Облыс әкімі Берік Уәли биылғы жылдың сәуір айынан бері Семей қаласындағы үлескерлердің жағдайын тікелей бақылауға алып, әр үлескерлердің құжаттарын жеке-жеке қарастырып, әлеуметтік шиеленіске жеткізбеу туралы тапсырма берген болатын.
Бүгін Семейде «Dala SK» ЖШС-нің үлескерлерінің мәселесі бойынша кездесу өтті. Жиынға Абай облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, Экономикалық тергеу департаментінің мамандары және «Rain» құрылыс компаниясының өкілдері және үлескерлер қатысты.
Кездесуде «Rain» құрылыс компаниясының өкілдері мемлекет пен бизнес серіктестігі негізінде Семей қаласындағы «Dala SK» ЖШС-нің 65 үлескеріне құрылысқа салған қаржыларының көлеміне сай Селевин 35 мекен жайынан дайын пәтерлер беріп, заңды тұрғын үй кешеніне инвестиция салу туралы ұсыныс білдірді.
Мемлекеттік бақылау органдары «Rain» құрылыс компаниясының барлық құжаттары заңға сәйкес рәсімделгенін және құрылыс жұмыстары тиісті рұқсаттар мен сараптамалар негізінде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Rain» компаниясының барлық құжаттары тексеріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан ешқандай ескертулер жоқ. Бұл ақпарат облыс әкіміне баяндалып, 65 үлескерді пәтермен қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. Аймақ басшысы қарапайым халық зардап шекпеуі керек деген ұстанымда, – деді басқарма басшысы Сайлауғалы Байназаров.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ