Абай облысыТОП

Облыс әкімі Семейдегі жылу электр орталығына барды

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында 1-інші жылу электр орталығының (ЖЭО-1) қазандығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Аталған жұмыс биылғы маусым айында басталған. Қазіргі таңда қазандық жабдықтарын бөлшектеу, №4 сумен қыздырылатын қазандыққа экрандық құбырлар дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жабдықтарды жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Жылу электр орталығы 564 коммерциялық мекемені, 30 әлеуметтік нысанды, 55 бюджеттік ұйымды және 23 607 тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр.

ЖЭО-1 жұмысын тексеру барысында облыс әкімі жылу маусымына ертерек қамдану қажеттігін айтты.

Қаланың негізгі жылу орталығы болғандықтан бүгін осында арнайы келіп отырмын. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, жылу маусымы басталғанға дейін аяқталуы қажет. Энергетика басқармасына күнделікті қадағалап отыруды тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Семей қаласында орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін 19 жылу қазандығы мен 1 жылу электр орталығы бар. Биыл барлық қаржы көздерінен бөлінген 6,6 млрд теңгеге 12 жылу қазандығын жөндеу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек жылу желілерін жаңғырту бойынша 6 жоба іске асырылады.

Облыс әкіміне қаланы аралау барысында Әуезов даңғылын ұзарту, яғни, ескі ет комбинаты аумағындағы 1 жарым шақырым жолды қалпына келтіру арқылы республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» тас жолына қосу жобасы таныстырылды. Мамандардың айтуынша, бұл Титов көшесінің жүктемесін азайтуға, шаһар инфрақұрылымын тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Ескі ет комбинаты аумағын инвесторларды тарту арқылы абаттандыру, сауда орындарын, тұрғын үйлер салу ұсынылды. Аймақ басшысы тиісті басқармаларға бұл мәселені жан-жақты саралап, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button