Абай облысыСемейТОП

Семейде 40 аула жаңа кейіпке енеді

Облыс әкімі қаланы аралау барысында Семейдегі аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді.

Биыл «Аулаішілік аумақтарды ағымдағы жөндеу» бағдарламасы аясында шаһардағы 22 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Олардың тең жартысы сол жағалауда, қалғаны оң жағалауда орналасқан. Жоба аясында ашық спорт алаңдарын, балалар ойын алаңдарын және шағын сәулеттік формаларды орнату көзделген. Бұдан бөлек халық қатысатын бюджет аясында қосымша 13 аула абаттандырылады.

Қазіргі таңда қаладағы 12 үйдің ауласында абаттандыру жұмыстары басталды. Аймақ басшысы Засядко көшесі 88 мекенжайында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп, тұрғындармен пікірлесті.

Тұрғындар аулаларының жаңа кейіпке еніп жатқаны үшін алғыс айтып, ризашылықтарын жеткізді.

Ауламыздың жаңарып жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл сәтті көп жыл күттік. Балаларымыз ойнайтын алаңқайлар салынып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып жатқаны үшін алғысымызды айтамыз. Сонымен қатар, осы аумақтағы ескі гараждардың орнына автотұрақ салынса деген өтінішіміз бар, – деді осы үйдің тұрғыны Марат Дулуганов.

Мердігерлердің айтуынша, Засядко көшесіндегі аулаішілік жөндеу жұмыстары 10 күннің ішінде аяқталады.

Облыс әкімі мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Қазіргі таңда Семейдегі 35 ауланы абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін бұдан бөлек тағы 5 аула мен 5 қоғамдық кеңістікті, яғни, арбаттарды, шағын саябақтарды жасаймыз. Келесі жылы қаладағы 150 ауланы абаттандыратын боламыз. Осылайша кезең-кезеңімен облыс орталығындағы бүкіл аулаларды жаңартамыз. Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев тұрғындармен кездесіп, өтініш-тілектерін ескеріп, осы жұмыстардың барлығын қадағалап, басы-қасында жүруі керек, – деді аймақ басшысы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button