Абай облысыТОП

Абай облысындағы тұқымбақта жылына 3 миллион түпке дейін қарағай көшеттері өсіріледі

Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты Канонерка филиалындағы орман тұқымбағы және орман тұқым станциясы кешенінің жұмысымен танысты.

2016 жылы Ертіс бойындағы өртенген орман алқаптарын тиімді әрі жылдам қалпына келтіру мақсатында іргетасы қаланған бұл кешен – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы алғашқы әрі жалғыз орман шаруашылығы нысаны. Жалпы ауданы 20,4 гектарды құрайтын кешеннің 17,1 гектарында ашық тамыр жүйесімен көшет өсіретін тұқымбақ, қалған 3,3 гектар аумақта үш жылыжай мен өндірістік ғимараттар орналасқан.

Кешеннің басты ерекшелігі – швед өндірісінің заманауи, автоматтандырылған технологияларымен жабдықталған жылыжайлар арқылы көшет өсірудің вегетациялық кезеңін 2-3 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Көшет өсірудің бүкіл процесі – қарағай тұқымын кептіріп, іріктеуден бастап, арнайы қоректік топыраққа егіп, жылыжайға орналастыруға дейінгі барлық жұмыс автоматты түрде атқарылады. Соңында көшеттер ашық алаңға шығарылады да, табиғи ортаға бейімделеді.

Биылғы көктемде 1-ші айналымда себілген қарағай тұқымынан 1 463,2 мың дана көшет алынды. Ал 2-ші айналымда 1 608 мың ұяшық егіліп, көшеттер 10-12 аптадан соң ашық алаңға шығарылып, одан әрі өсіріледі. Күзде осы көшеттер орман алқаптарына отырғызылады. Жабық тамыр жүйесі көшетті отырғызу кезінде оның тіршілік ету қабілетін арттырып, тамырын зақымдатпайды.

Кешеннің жылдық орташа өнімділігі – 2,87 миллион түп көшет. 2024 жылы егіс алқабынан 4,5 миллион дана қарағай көшеті алынып, отырғызу материалдарының түсімі жоспардан 104 пайызға артық орындалды. Биылғы көктемде қосымша 3,6 гектар аумаққа қарағай тұқымы егілді.

«Семей орманы» табиғи резерватының директоры Дәулет Байболатовтың айтуынша, өрттен кейінгі орман алқабын қалпына келтіру үшін тағы бір тұқымбақ салу жоспарланып отыр. Жылына 6 миллион түп көшет өсіруге мүмкіндік беретін тұқымбақ Жаңасемей ауданының Озерки ауылдық округінде бой көтереді.

Өртенген орман алқаптарын қайта қалпына келтіру туралы Президенттің берген тапсырмасы бар. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетеміз, ағаш отырғызу, тағы да басқа арнайы жобаларымыз бар, –  деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button