Абай облысыТОП

Облыс әкімі Бесқарағай ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданының орталығы Бесқарағай ауылында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

Жиында алдымен аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев Бесқарағай ауданының 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

Бұдан кейін баяндама жасаған аймақ басшысы облыстың барлық аудандарын аралап, шалғай ауылдар мен бұрынғы аудан орталықтарының жағдайымен тікелей танысқанын атап өтті. Ауылдардың инфрақұрылымын жетілдіру, халықты сапалы жол, ауыз су және медициналық қызметпен қамтамасыз ету, тозығы жеткен бiлiм мен мәдениет нысандарын жаңарту басты назарда екенін жеткiздi.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективаларына тиісті талдау жасадық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа баяндадым. Президент өңірдегі қордаланған мәселелерді Үкіметпен бірлесіп шешу жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Үкіметпен бірге Абай облысын қарқынды дамытудың жолдарын қарастырып, өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді қолға алып жатырмыз. Бүгін атқарған жұмыстарға есеп, көкейде жүрген сұрақтарыңызға жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмын. Ауданға осыған дейін де жұмыс сапарымен келген болатынмын. Әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіпорындардың да жұмысын көрдім, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Бесқарағай ауданындағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан нақты жобаларға тоқталды. Глуховка, Жыланды, Мостик, Баскөл және басқа да елдi мекендерде ауыз су желiлерiн жаңарту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Аудан бойынша тозу деңгейi 77,7 пайыз болатын 39 шақырым су желiсiн ауыстыру үшiн 5,1 млрд теңге қарастырылған.

Жол жөндеу жұмыстары да жүйелi жүргiзiлуде. Биыл аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 974,7 млн теңге бөлiнген. Сонымен қатар, ауданда тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында 30 отбасыға арналған тұрғын үйлер салынуда.

Бiлiм саласында 9 мектепті жөндеу, 2 мектептiң шатырын күрделi жөндеу, 5 пәндiк кабинет пен 3 мектепке автобус сатып алу жоспарланған. Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында аудандық аурухана ғимаратының шатыры мен үшiншi қабатын күрделi жөндеуге 100 млн теңге, медициналық техника сатып алуға 82,9 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Канонерка ауылында дәрігерлік амбулатория, Беген, Бозтал ауылдарында жаңа медициналық пункттер салу жоспарда бар.

Ауданда мәдениет пен спорт саласы да назардан тыс қалған жоқ. Бесқарағай ауылында жүзу бассейнi, Ерназар ауылында спорт модулi, сондай-ақ, Глуховка, Беген, Ерназар ауылдарында 100 орындық клуб үйлерi салынып жатыр.

Бесқарағай – тоғыз жолдың торабында орналасқан, аграрлық, туристік әлеуеті зор аудан. «Омбы-Майқапшағай» күре жолының бойында тұр. Ауданға осымен 7-інші мәрте келіп отырмын. Әр келген сайын өзекті мәселелерге назар аударып, шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Бұған дейінгі сапарымда Канонеркадағы Мәдениет үйі мен осы колледждің мәселелерімен танысқанмын. Бұл нысандарға қаражат қарастырып, жөндеу жүргіземіз. Осылайша аудандағы өзекті проблемаларды кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деді аймақ басшысы.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button