Абай облысыТОП

Абай облысының «Жас Ұлан» лицейі «Айбын-2025» халықаралық жиынында Гран-приді иеленді

Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Айбын-2025» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Биылғы жиынға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жас қатысты. 50-ден астам команда түрлі әскери, интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарда бақ сынады.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери-қолданбалы және шығармашылық қабілеттерін дамыту, қорғаныс саласына деген қызығушылығын арттыру. Жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.

Байқау аясында қатысушылар «Айбын дарыны» зияткерлік сайысы, «Smart Sarbaz» технологиялық жобалар байқауы, «Айбын жұлдызы» шығармашылық конкурсы, пневматикалық мылтықпен ату, автомат бөлшектеу және жинау, әскери-тактикалық ойындар мен спорттық жарыстар бойынша сынға түсті.

Абай облысының жас патриоттары бұл жиында ерекше көзге түсті. Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған мектеп-интернатының командасы республикалық әскери мектептер арасында төртінші жыл қатарынан Гран-приді иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздік атанды. Олар «Айбын дарыны», «Smart Sarbaz» және автомат бөлшектеу сайыстарында 1-орынды, сондай-ақ бірқатар спорттық және шығармашылық бағыттарда 2–3 орынды жеңіп алды.

Сонымен бірге Абай облысының «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленіп, «Smart Sarbaz» сайысында 1-орын, басқа да бірнеше бағытта жүлделі орындарды еншіледі. Бұдан бөлек, облыс намысын қорғаған «Жас барлаушы» командасы турникке тартылудан 2-орынды иеленді.

Абай облысының командалары көрсеткен бұл нәтиже – өңірде әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі жолға қойылғанының айғағы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button