Көлік салығын төлеу қатаң бақылауда

Абай облысында көлік салығын төлемегендерге қатысты шаралар күшейтілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекова баяндады.
– 2024 жылға арналған көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталды. Уақытында төлемеген тұлғаларға заң аясында шаралар қолданылуда. 1 сәуірден кейін өтелмеген салық сомасына әр кешіктірілген күн үшін ҚР Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Қарыз өтелмеген жағдайда салық органдары 30 жұмыс күні ішінде хабарлама жолдайды. Егер осы мерзімде төлем жасалмаса және берешек 1 АЕК-тен асса, салық бұйрығы шығарылады. Ол 5 жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс. Орындау болмаған жағдайда іс жеке сот орындаушыларына жолданады, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Сонымен қатар, жеке сот орындаушылары салық төлеушінің мүлкіне тыйым салуға және оны алып қоюға, банк шоттарын бұғаттауға, берешек мөлшері 40 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда елден шығуға тыйым салуға, сондай-ақ негізгі қарыздан бөлек, өз қызметі үшін 25%-ға дейін қосымша шығын өндіріп алуға құқылы.
– Өңірде маусым айындағы көлік салығы бойынша 10 131 азаматтың жалпы берешегі 524 млн теңгені құрап отыр, оның 407 млн теңгесі Семей қаласына тиесілі. 19 маусымға дейін салық органдары 376,1 млн теңгеге 11 154 салық бұйрығын жеке сот орындаушыларына жолдады. Бүгінде 1884 атқарушылық іс қозғалып, 96,6 млн теңге өндірілді. Қарызды азайту мақсатында облыстық Әділет департаменті, Полиция департаменті және ЖСО палатасымен бірлескен Меморандум аясында «Сергек-Қорғау» жүйесі арқылы 769 рейд жүргізіліп, 64,5 млн теңге өтелді, – деді Өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Еркебұлан Нүкебаев.
Салық бойынша берешек сомасын kgd.gov.kz веб-порталындағы «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» сервисінен, сондай-ақ «e-Salyq Azamat», Kaspi Bank және Халық банк мобильді қосымшаларынан білуге болады.
Semeynews.kz