Абай облысында мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Бүгін Семейде Абай облыстық мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясы өтті. Күнтәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Облыс әкімі Берік Уәли депутаттардың алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндады.
Аймақ басшысының айтуынша, 2024 жылдың қорытындысында жалпы өңірлік өнім көлемі 4,3% өсіммен 3,2 трлн теңгеге жетті. Жылумен, ауыз сумен қамту, жолдарды жөндеу, жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандарын салу бағытында аймақта кешенді жұмыс атқарылып жатыр.
Президенттің Жарлығымен тағайындалған күннен бастап барлық аудан, қалаларды, одан бөлек шалғай ауылдарға дейін араладым. Бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласында, Баршатас, Таскескен, Жаңа Шүлбі және Қайнар ауылдарында болып, халықтың жағдайымен таныстым. Облыстың экономикалық жағдайына жан-жақты талдау жасалып, өзекті мәселелер айқындалды, – деді облыс әкімі.
Биыл Семей, Курчатов, Аягөз қалаларының және Жарма ауданындағы Шуақ ауылының қазандықтарын және жылу желілерін жөндеуге 3,4 млрд теңге бөлінді. Халықты ауыз сумен қамту бойынша 26 жобаны іске асыруға (15 өтпелі, 11 жаңа) республикалық бюджеттен және арнайы мемлекеттік қордан 6,4 млрд теңге қарастырылды. Нәтижесінде 28 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға берілді. Облыстағы мектептердің 64-і бейімделген ғимаратта орналасқан, 3 апатты мектеп бар. 230 мектеп кешенді күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы апатты мектептің орнына 100 орындық жаңа мектеп құрылысының іргетасы қаланды. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында да мектеп салуды бастаймыз. Семейдегі апатты мектеп мәселесі де шешімін табатын болады. Аягөз ауданында көпсалалы аурухананың реанимациялық бөлімі ашылып, Семейде жаңа облыстық аурухананың құрылысы басталды.
Алдағы жылдары өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Қазіргі уақытта жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын, 8 мың тұрақты жұмыс орнын құруға бағытталған 38 инвестициялық жобадан тұратын Бірыңғай пул қалыптастырылды. Кәсіпкерлер мен инвесторлар тарапынан өндірістік алаңдарға сұраныс көп. Осы ретте «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағын 96 гектардан 600 гектарға дейін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Ең бастысы, инфрақұрылымның жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Оның ішінде көпірлердің мәселесі өте өзекті. Облыс орталығындағы аспалы көпірге асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта оның бір бөлігіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жол белгілерін салған соң пайдалануға беріледі. Ескі көпір құрылысын аяқтауға қажет қаржы мәселесі министрлікпен пысықталуда. Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы аясында өзге өңірлер Семейге бір-бір ғимараттан тарту етеді. Бірнеше облыстың әкімдіктерінің өкілдері келді. Жалпы әр сала бойынша нақты бағыт-бағдар бар. Депутаттардың қолдауымен осы жоспарланған жұмыстарды жүйелі түрде, кезең-кезеңімен атқаруға күш салатын боламыз, – деді облыс әкімі.
Сессияда бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізіліп, 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп қаралып, бекітілді. Жиында депутаттар тарапынан білім, әлеуметтік сала, жолға қатысты депутаттық сауал жолданды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ