Абай облысыЗаң мен тәртіпТОП

ЕР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ: СЕМЕЙДЕ ЛЕЙТЕНАНТ СЕРІК БАЙСАЛЫҚОВҚА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШКЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Қазақстан полициясы күні мен республикалық «Заң мен тәртіп» айлығы аясында Семей қаласында қызмет бабында қаза тапқан милиция лейтенанты, Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Серік Қабенұлы Байсалықовты еске алу рәсімі өтті.

Қайғылы оқиға 1990 жылғы 3 маусым күні орын алды. Сағат 00:10 шамасында Семей қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Затон бөлімінің кезекші бөліміне Туристік көшедегі үйде бұзақылық әрекеттер орын алып жатқаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына аттанған жедел топ құрамында болған милиция лейтенанты Серік Байсалықов қызметтік міндетін атқару барысында үй ішінде ешкімді таппағанымен, аулада қарулы ер адамды байқайды. Атыс салдарынан Серік Қабенұлы оқ тиіп, ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Қызметтік борышына адалдық пен ерлік көрсеткені үшін милиция лейтенанты Серік Байсалықов қайтыс болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Оның құрметіне Семей қаласындағы көшелердің біріне есімі беріліп, қызмет еткен учаскелік полиция пунктінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Еске алу рәсіміне Абай облыстық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар және марқұмның жары қатысты. Іс-шара барысында қызметтегі ерлігі үшін алғыс сөздер айтылып, бір минут үнсіздік жарияланды.

«Серік Қабенұлы – батылдықтың, қызметтік адалдық пен Отанға шексіз берілгендіктің жарқын үлгісі. Оның есімі қазақ полициясы тарихында мәңгілікке сақталады», — деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Дүйсембай Байбусұнов.

Мұндай шаралар — тек құрмет көрсетудің емес, сонымен қатар қоғам қауіпсіздігі жолында өмірін қиған азаматтардың ерлігін еске салып, бейбіт күннің батырларына деген ризашылықты жеткізудің бір жолы.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button