Абай облысыТОП

Бородулиха колледжіне жаңа жатақхана салынады

Облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары аясында Бородулиха колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты. Оқу орнының негізі 2007 жылы қаланған. Колледж 2012 жылы жұмысын бастаған. Қазіргі уақытта мұнда 167 студент білім алып жатыр. Оқу процесін қамтамасыз ететін 52 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 16 педагог пен 6 өндірістік оқыту шебері бар.

Колледж типтік емес ғимаратта орналасқан. Оқу орны 10 жеке ғимараттан тұрады. Колледж аумағында 49 орындық жатақхана, 150 орындық асхана, медициналық пункт, кітапхана, 12 оқу кабинеті, 3 өндірістік шеберхана және зертхана бар. Сонымен қатар, техникаларға арналған гараждар қарастырылған. Білім беру мекемесі заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған және жеке автономды қазандығы бар.

Бородулиха колледжінде студенттер бірнеше бағыт бойынша білім алуда. Атап айтқанда, тамақтандыруды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу ісі және орман шаруашылығы. Колледждің негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлау. Білім ордасы 16 кәсіпорынмен серіктестік орнатқан. Түлектер өндірістік тәжірибеден осы кәсіпорындар базасында өтеді. Бұл олардың шеберлігін шыңдап, болашақ мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 100%-ды құрап отыр.

Колледж басшылығы облыс әкіміне 1988 жылы салынған оқу корпусы мен әкімшілік ғимаратқа ағымдағы жөндеу қажеттігін жеткізді. Ғимараттағы су жүйесі де ескірген және жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар, жаңа жатақхана салу мәселесі де айтылды. Аталған мәселелерді шешу мақсатында қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Колледж ұжымы жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрады.

Аймақ басшысы колледждің техникалық және ауыл шаруашылығы салаларына қажетті маман даярлаудағы маңызын атап өтіп, оқу орнының материалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ жатақхананың ескі екенін ескеріп, жаңа ғимарат салынатынын айтып, тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.

Бүгінгі таңда еңбек нарығына сай білікті маман даярлау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Бородулиха колледжі ауыл шаруашылығы, оның ішінде орман шаруашылығы саласына қажетті жұмысшы мамандарды дайындап келеді. Бұған дейін Үржар, Жарма, Ақсуат, Бесқарағай аудандарына барғанымда ондағы колледждердің жұмысымен танысқан болатынмын. Білім ошақтарының сұранысын ескере отырып, кезең кезеңімен, жүйелі түрде қолдау көрсетеміз, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button