Облыс әкімі Бородулиха ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданының орталығы Бородулиха ауылында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді. Бұл – аймақ басшысының аудандардағы алғашқы есептік кездесуі.
Жиында алдымен аудан әкімі Айдар Ибраев Бородулиха ауданының 2024-2025 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Одан соң облыс әкімі өңірді дамытуға бағытталған жұмыстар туралы баяндап, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Аймақ басшысы жол, ауыз су, жарықтандыру, тозығы жеткен әлеуметтік нысандар, мектептердегі орын тапшылығы, медицина, мәдениет және интернет мәселелері халыққа ең қажетті әрі шешімін күткен істер екенін атап өтті.
Тағайындалған күннен бастап барлық аудан, қалаларда, оның ішінде шалғай ауылдарда, бұрынғы аудан орталықтарында болдым. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, маңызды мәселелерді Мемлекет басшысына баяндадым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қордаланған түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Үкіметпен бірлесіп кешенді жұмыстарды қолға алдық, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы облыс экономикасының барлық саласында оң өсім бар екенін айтты. Өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,2 трлн теңгеге жетіп, 4,3% өсім көрсеткен.
Жылу және ауыз су жүйелерінің тозуы, жолдардың сапасы, әлеуметтік нысандардың жағдайы – облыс әкімінің назарындағы негізгі мәселелер қатарында. Биыл 26 ауыз су жобасы іске асырылады. 358 шақырым жол жөнделеді. Сондай-ақ 1140 пәтер сатып алынып, халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Бородулиха ауданында 48 пәтер тұрғындардың игілігіне тапсырылмақ.
Переменовка ауылында су желілерінің құрылысы, Камышенка ауылында клуб салу, Петропавловкада спорт-сауықтыру орталығының құрылысы және Зенковка, Белағаш, Новопокровка, Петропавловка ауылдарында алғашқы медициналық көмек нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Биыл Жаңа Шүлбі ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы ғимаратының шатырына, қазандығына және жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады.
Облыста білім беру мен денсаулық сақтау нысандарына ерекше көңіл бөлінуде. Аймақ басшысының айтуынша, өңір мектептерінің 64-і бейімделген ғимараттарда орналасқан. 3 мектеп апатты жағдайда. Алдағы үш жылда 75 мектепті реновациядан өткізу жоспарланған. Биыл 9 мектепке жөндеу басталады.
Ерекше атап өтерлігі, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Бородулиха ауданының Әлихан Бөкейхан атындағы қазақ мектебіне жаңа автобус, ғимараттың терезелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат қарастырылып жатыр. Ауданның 11 мектебіне интерактивті панельдер мен пәндік кабинет сатып алуға 21,9 млн.теңге бөлініп отыр. Алдағы үш жыл ішінде Бородулиха ауданындағы Буркотово, Андроновка, Песчанка ауылдарында медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу үшін қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.
Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – жол. Аудандағы жолдарды рет-ретімен жөндейміз. Кейбіреуін биыл, кейбіреуін келесі жылы бастаймыз. Бородулиха ауданының медицина, мәдениет, спорт саласындағы қажеттіліктерінің барлығын бюджетке енгізіп, кезең-кезеңімен шешетін боламыз, – деді аймақ басшысы.
Шалғай елді-мекендердегі науқастарға ыңғайлы болу үшін былтыр Ақсуат ауданында гемодиализ орталығы ашылды. Биыл Бородулиха ауданында қосымша 1 гемодиализ орталығын салу жоспарлануда.
Ауданға осымен үшінші мәрте келіп отырмын. Бұл аудандағы барлық өзекті мәселелерді, халықтың өтініштерін, арыз-шағымдарын, ұсыныстарын үнемі бақылауда ұстап отырамын. Бородулиха – облыс орталығына жақын орналасқан, ауыл шаруашылық әлеуеті өте жоғары аудан. Қарағайлы орман да осы ауданның аумағында. Ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
Кездесу соңында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарға жауап берілді. Аймақ басшысы өңірді дамыту бағытындағы бастамалар жалғаса беретінін жеткізді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ