Абай облысыТКШТОП
Абай облысында жаңа тарифтік саясат аясында су тұтынуға әлеуметтік нормалар енгізілуде

Абай облысында табиғи монополиялар саласында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты негізінде жаңа тарифтік саясат жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Мейір Мадиев мәлімдеді.
– 2025 жылы облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тариф есебінен 70,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Электр энергиясын беру саласында «Энерго Инвест» ЖШС арқылы 9,9 млн теңге инвестиция тартылып, желілердің тозуы 37,2%-дан 1,71%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Су беру және бұру бағытында да ірі жобалар іске асырылып жатыр. «Семей Водоканал», «Курчатов Водоканал» мекемелері арқылы бірнеше жүз миллион теңге инвестиция салу есебінен тозу деңгейін айтарлықтай азайту жоспарланған. Сонымен қатар, су құбырларын жаңғыртуға бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді, – деді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, су тұтыну тәртібіне енгізілген әлеуметтік нормаларға да тоқталды. Енді суды тұтыну көлемі төрт топқа бөлінеді: I топ – 3 м³ дейін – базалық тариф, II топ – 3–5 м³ – +20%, III топ – 5–10 м³ – +50%, IV топ – 10 м³ жоғары және есептегішсіз – +100%.
– Жаңа жүйе нақты тұратын адамдар санына байланысты есептеледі. Сондықтан әрбір тұрғынның тіркелуі, есептегіш орнатуы және ай сайын деректерді тапсыруы маңызды.Бүгінде бұл жүйе «Семей Водоканал», «Аягөз Жылу», «Көкпекті» және өзге де мекемелерде іске қосылды. Су – тек коммуналдық ресурс емес, ол – шектеулі әрі құнды табиғи байлық. Сондықтан оны ұқыпты пайдалану – әр азаматтың міндеті, – деп түйіндеді Мейір Мадиев.