Облыс әкімі су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен шомылу маусымының өту барысына арналған кеңес өтті. Жиында өңірдегі су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Судағы қауіпсіздік бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, Абай облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Арман Ертурин және облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Қабақов және барлық аудан әкімдері баяндады.
Өңірде 20 коммуналдық жағажай бар. Облыста шомылуға рұқсат етілген 26 ресми орын анықталған. Алакөл жағалауында 3, Семей қаласында 4 жағажай бар. Бұған қосымша 6 шомылу орнын ашу қажеттігі туындап отыр. Қауіпсіз шомылу аймағын ұйымдастыру мақсатында «Қаршыға» ЖШС «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп Семейде қоғамдық жағажай салуға ниетті. Жағажай ұзындығы шамамен 400 метр болады. Жобада шезлонг, фудкорт, спорт алаңдары, санитарлық тораптар мен алғашқы медициналық көмек пункттері көзделген. Ал Алакөл жағалауында 9 құтқару мұнарасы, 5000 метр буй желісі, 7 пирс және ақпараттық тақталар орнату жоспарланған.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 57 өзен кемесі, 323 өздігінен жүретін, 41 жүрмейтін шағын кеме тіркелген. Бірақ осы ауқымды аумақты бақылауға көліктік инспекцияда су көлігі саласына жауапты небәрі 1 маман ғана бар.
Кеңесте аймақ басшысы су айдындарында шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін сақтауға қатысты көпшілік тарапынан шағымдар түсіп жатқанын айтып, Алакөлдегі су көліктерін жіті бақылауды ұстауды тапсырды. Барлық қала-аудан әкімдеріне қолданыстағы заңнамаларда бекітілген талаптар бойынша құзырлы органдармен бірлесіп, қауіпсіздік шараларын күшейтуді, аппарат инспекторларына суға түсу бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысына мониторинг жүргізіп, нәтижесін баяндап отыруды тапсырды.
Бүгін біз жазғы маусымда облыстың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін талқылау үшін осымен 4-ші рет бас қосып отырмыз. Алакөлдің басында бір рет көшпелі жиын өткіздік. Мәселе өте өзекті. Қазіргі таңда облыс бойынша суға шомылуға рұқсат етілген 26 ресми орын бар. Жергілікті әкімдіктің негізгі міндеті осы рұқсат етілген орындарда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ