Өскеменде шай қорабына телефон тығып әкелген ер адам ұсталды

Өскемен қаласындағы №17 түзеу мекемесіне ұялы телефонды алып өтпек болған ер азамат ұсталды. Жазасын өтеушінің танысы айлаға барып, шай қорабының ішіне смартфон мен SIM-карта жасырып, түрмеге кіргізбек болған. Алайда Ұлттық ұланның сәлем-сауқат бөлмесінің бақылаушы қызметкері мен түзеу мекемесінің мамандарының қырағылығының арқасында ер азаматтың жымысқы әрекеті жүзеге асқан жоқ.
– Бір қарағанда сырты жабық шай қорабы. Алайда қолыма ұстап көргенде қорап салмағында біршама ауырлық бар екендігін аңғардым, артынша тінту барысында шай ішінен тыйым салынған заттар табылды, – дейді 6699 әскери бөлімінің бақылаушылар қызметі.
Түзеу мекемесінің сәлем-сауқат бөлмесінде ұсталған Өскемен қаласының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тыйым салынған зат әкелушіге қарсы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабының 1-бөлігі бойынша құжаттар жиналып, сотқа жолданды. Еске салайық, аталмыш түзеу мекемесіне байланыс құралын өткізу әрекеті ағымдағы жылдың алғашқы фактісі болып тіркеліп отыр.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі