Абай облысыТОП

Облыс әкімі қытай инвесторларымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін шет елдік инвесторлармен кездесті. Кездесуде қытайлық «XinJian XinHua industry company» компаниясы өкілдері Семей қаласын дамытуға қатысты өз жобаларын ұсынды.

Айта кетейік, аймақ басшысы бұл инвесторлармен Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесіне жұмыс сапарымен барғанда кездескен еді. Сол сапардың нәтижесінде осы компания өкілдерімен «Семей» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арасында меморандумға қол қойылған болатын.

Қонақтар аймақ басшысына Семейде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге арналған үлкен әлеуметтік базар салғысы келетінін айтты. Жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық санаттары бойынша сауда жүргізу, салқындатылған қоймалар, логистикалық жеткізу қызметі, алғашқы өңдеу, сұрыптау және орау, сараптама, электрондық сауда, көрме және жарнамалық қызметтерді біріктіру көзделген. Жобаның бастапқы құны – 20 миллион АҚШ доллары. Кейін қажеттілікке қарай инвестиция құны да, жобаның ауқымы да ұлғаюы мүмкін.

Инвесторлар сондай-ақ облыс орталығында жаңадан бой көтеретін ықшам ауданда қонақүй, балабақша, тұрғын үй кешендерін, саябақтар салуға дайын екендерін жеткізді.

Облыс әкімі қытайлық компания өкілдерінің ұсыныстарына қолдау білдіріп, ұсынған жобалардың маңызды екенін атап өтті.

«Біздің облысымызға келіп, инвестиция салуға құштарлық танытып жатқандарыңызға өте қуаныштымыз. Сіздер ұсынған екі жоба да біздің өңірімізге аса қажет. Семей – тоғыз жолдың торабындағы шаһар. Үлкен әлеуметтік сауда орталығы салынса көрші облыстарға да тиімді болады деп ойлаймын. Бұл жұмысты өздеріңіз айтқандай, келесі айда бастай берсеңіздер де болады. Ал жаңа ықшам ауданға байланысты жобаларыңызды қолдаймын. Қазір қаланың бас жоспарын қайта қарап жатырмыз. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз» деді аймақ басшысы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button