Облыс әкімі «Казполиграф» ЖШС-нің жұмысымен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы жетекші өндіріс орындарының бірі «Казполиграф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
«Казполиграф» ЖШС – кең ауқымды қаптама өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. 1941 жылы құрылған өндіріс орнында 600-ден астам адам еңбек етеді. Комбинат толық өндірістік циклмен жұмыс істейді. Өнім дизайнын әзірлеуден бастап, дайын қаптаманы тұтынушыға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын жылына 30 мың тонна қағаз және картоннан жасалған қаптама өнімдерін, 2 мың тонна жабыны бар қағазды, 1,5 мың тонна полимерлі пленкадан дайындалған қаптама бұйымдарын және 1 мың тонна өзге де қағаз бен картоннан сығымдалған бұйымдарды өндіреді. Өнімдерін ішкі нарықпен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясына экспорттайды.
Өндіріс орны шикізат пен дайын өнімді сақтауға арналған инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Кәсіпорын аумағында 2 темір жол кірме жолы, автомобиль көлігіне арналған жүк қабылдау алаңы, сондай-ақ жабық әрі жылытылатын қойма үй-жайлары бар. Германия, АҚШ, Финляндия және басқа елдерден жеткізілген озық құрал-жабдықтар өндірісте қолданылады.
Қазіргі күнде кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайту үшін жаңа инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 6 миллиард теңге. Сұйық өнімдерге арналған картон қаптамасын (Pure-Pak) өндіретін жаңа желі іске қосылады.
Аталған жоба индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген және өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылып отыр. Жобаны іске асыру үшін тиісті өндірістік ғимарат дайын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.
Аймақ басшысы өндіріс орнының цехтарын аралап, жұмыс процесін көріп, жуықта ашылатын зауытта болды.
Бүгін жұмысымен танысқан «Казполиграф» – өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Қазіргі уақытта өндіріс аясын кеңейтіп, жаңа зауыт ашуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынға әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ