Жумадиловтар әулеті: Қайғының ауыртпалығына қарамастан, Балжан Жумадилова ағасының ерлігін өмірлік мұратына айналдырып, оның жолын абыроймен жалғастырды

2003 жылғы 19 сәуір. Кешкі уақытта Маканшы аудандық полиция бөліміне шұғыл қоңырау келіп түсті: жазғы дәмханалардың бірінде мас адам қолына пышақ алып, келушілерге қауіп төндіріп жатыр. Оқиға орнына ең бірінші болып учаскелік инспектор – полицияның аға лейтенанты Ержан Жумадилов жетті.
Ол еш кідірместен дәмхана ішіне кіріп, төтенше жағдайдың ортасына беттеді. Екі пышақпен қаруланған бұзақы үрей туғызып, айналасындағыларға шабуыл жасамақ болған. Ержан Слямқанұлы бір секунд та ойланбастан, күшейтуді күтпестен, тәртіп бұзушыны залалсыздандыруға кірісті. Адамдарды қорғап, олардың өміріне қауіп төндірмеу үшін ол қарулы адаммен бетпе-бет шайқасты. Осы ерлік әрекет барысында полицей бірнеше пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қаза тапты.
Бұл күн – оның отбасы мен әріптестері үшін орны толмас қасіретке айналды. Алайда Ержан Жумадиловтың ерлігі — оның өмірлік ұстанымына, антына адалдығының шынайы дәлелі болып қалды.
Ағасының жарқын бейнесі мен ерлігі оның қарындасы – Балжан Жумадилова үшін өмірлік жолдың бағдаршамы болды. Ерліктің ізін жалғау – оның жүрек қалауы еді. 2011 жылы ол да полиция формасын киіп, Семей қаласындағы Ауэзов полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып қызметін бастады.
Бүгінде Балжан Слямқанқызы – полиция майоры, Абай облысы Полиция департаментінің Семей қалалық көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы. Ол – өз ісінің маманы, үш баланың аяулы анасы, отбасына тірек, ағасының ісіне адал ізбасар. Оның күнделікті еңбегі – тек қызмет емес, бұл – ағасына деген тағзым, отбасының абыройы мен қызметке деген шынайы құрмет.
Жумадиловтар әулеті – батылдық пен адалдықтың, құқық қорғау саласына деген берік сенімнің символы. Бұл әулеттің тарихы – жас ұрпаққа үлгі, елге қорған болатын нағыз полиция қызметкерінің бейнесі.