Облыс әкімі Бесқарағай ауданының туризм саласындағы жаңа жобалармен танысты

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданына барып, туризм және ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен танысты.
Аймақ басшысы әуелі Глуховка ауылдық округі аумағындағы «Маклапов Н» жеке кәсіпкерлігінде болды. 2023 жылы құрылған кәсіпорын балық шаруашылығы мен экотуризм бағыттарын қатар дамытып келеді.
Старая Крепость ауылында жеке инвестордың есебінен жаңа жоба жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі – 300 миллион теңге.
Шаруашылық жылына 100 тоннаға дейін балық өсіруді жоспарлап отыр. Мұндағы 6 жасанды тоғанда түрлі түсті форель, сібір бекіресі, тұқы, сазан секілді балықтар өсірілуде. Аудан тұрғындары мен қонақтарына балық аулау арқылы демалу мүмкіндігін ұсынады.
Қазіргі уақытта жоба 80 пайызға аяқталған. Балық аулауға және табиғат аясында демалуға келушілер үшін үйлер салынған. Енді бассейн, футбол алаңы тұрғызылады. Туристік нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Негізгі жолдан балық шаруашылығына дейінгі 400 метр жолға қиыршық тас төселген. Шаруашылық жетекшісі облыс әкіміне жолға асфальт салуға, кәсіпорын жұмысын қолдау мақсатында балық азығын сатып алуға кететін шығындарды субсидиялауға көмек көрсетуді сұрады. Аймақ басшысы әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Облыс әкімі «Zhylandy Eco Village» ЖШС жобасымен де танысты. Туристік демалыс орны Семейден 27 шақырым жерде орналасқан. Жоба аясында демалыс үйлері, бассейн, монша, жазғы алаң, балалар және футбол алаңдарын салу көзделген. Қазіргі таңда ағаштан салынған 3 демалыс үйінің құрылысы аяқталған. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, тағы да он шақты үйді салуды жоспарлап отыр. Жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан жоба іске асқанда ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындары ашылады. Құрылыс жұмыстарын жаз мезгілінің соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі аудандағы туризмді дамыту бағытындағы жобалардың маңызды екенін атап өтті.
Бесқарағай ауданы – шекаралық аймақта орналасқан, табиғаты ерекше, туристік әлеуеті зор өңір. Бүгін аралап көрген екі демалыс орны да қаланың іргесінде, қарағайлы орманның ортасында орналасқан. Отбасылық демалысқа таптырмас жер. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ауданда туризмді дамыту қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Жыланды ауылында жұмыс істеп жатқан азаматтар жобаны толық аяқтап, тиісті құжаттарын өткізгенде мемлекет тарапынан олардың салған қаражаттың он пайызын қайтаратын боламыз, – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ