Интернет-кеңістікте діни экстремизмнің алдын алудың негізгі мәселелері

Қазіргі қоғам жаңа сападағы кезеңге, яғни ақпараттық қоғамға көшумен сипатталады, онда жаңа ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына белсенді еніп, әсері артып келеді. Ақпараттық қоғамның қалыптасуы әр түрлі қарқынмен бүкіл әлемде, сондай-ақ, Қазақстанда да орын алуда.
Ғаламдық интернет желілерінің ықпалының өсуі әсіресе жастар арасындағы әлеуметтік мәселелерді шиеленістіріп, «жастар экстремизмінің» таралуына айтарлықтай әсер етті. Экстремистік қозғалыстар мен топтардың идеологтары интернет желісі мен компьютерлік байланыс орнату мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қазақстандық жастардың әлеуметтік-мәдени тұрғыдан енді қалыптасып келе жатқан санасына айтарлықтай ықпал етуде.
Қазіргі қазақстандық жастардың түрлі қауіп қатерге толы жаһанданған ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқанын мойындау керек. Жастар ортасындағы ауытқуларды жеңіп, оларға жүйелі түрде ықпал ету үшін, жалпы әлеуметтік-қатынас жағдайларын зерттеу маңызды.
Жаһандану және қоғамды ақпараттандыру жағдайында, ақпараттық ағындарды бақылау мен басқарудағы кедергілер іс жүзінде жойылған кезде, экстремистік ұйымдар жастардың санасы мен мінез-құлқына әсер ету үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болды.
Қазіргі уақытта діни экстремистік және террористік ұйымдар интернет кеңістігінің мүмкіндіктерін кең көлемде пайдалануда. Бұл үдеріс интернет желісі арқылы ақпаратты таратудың тиімділігі мен қолайлылығына, құқық қорғау құрылымдары тарапынан бақылаудың күрделілігіне және де географиялық орналасуына қарамастан ауқымды аудиторияны қамту мүмкіндігіне байланысты.
Желідегі ақпараттық ахуалды талдау терроризм идеологиясын таратуды көздейтін интернет-ресурстардың мазмұны агрессивті бағытта құрылып, нақты теориялық негізімен, пайдаланушыларға ақпараттық-психологиялық әсер ету әдістерінің ойластырылған тетіктерімен және ақпаратты таратуға бағытталған медиа-ресурстардың қауіпсіздігімен ерекшеленетінін анықтады. Интернет бүгінде Қазақстандағы, сонымен қатар, шет мемлекеттердегі қоғамдық пікірге тиімді ықпал етуге және жастардың санасы мен мінез-құлқын басқаруға қабілетті құралға айналды.
Террористік ұйымдардың жоғарғы деңгейдегі кәсіби порталдары мен сайттары орналастыратын инфографиканың тартымдылығымен, ақпараттың жаңартылуының жеделдігімен, әлемдегі және аймақтардағы ең соңғы оқиғаларға жылдам жауап қайтарумен, ойластырылған интерфейсімен, барлық әлеуметтік топтар мен әр жастағы адамдарға бағдарлануымен ерекшеленеді.
Діни экстремистік және террористік ұйымдардың құрылымына компьютер мен телефон құрылғыларын бұзу дағдыларын меңгерген, шет тілдерін білетін, ақпаратты бұрмалау әдістері мен пайдаланушылардың психологиясымен таныс мамандар кіреді.
Желідегі нақты террористік ұйымдармен тікелей байланысы жоқ, бірақ олардың идеологиясымен бөлісетін және террористерге түрлі нысанда қолдау көрсететін көптеген жаңалықтар порталдары мен платформалары бар. Ақпараттық-идеологиялық көзқарастар мен контент жасырын чаттарда және танымал әлеуметтік медианың жабық арналарында орналастырылады.
Бүгінгі таңда экстремистік және террористік ұйымдар әлеуметтік желілерге үлкен мән береді. Әлеуметтік желілердің көмегімен ақпараттық ауқымы мен тұрғындар арасында танымалдығы жоғары болғандықтан, ақпарат тез тарайды. Әлеуметтік желілер ақпаратты әртүрлі мобильді қосымшалар мен гаджеттердің (планшет, смартфон, смарт-сағат және т.б.) көмегімен тез тарату мүмкіндігіне байланысты пайдаланушылар арасында кең қолданысқа ие болды.
Жакиянов Дулат Жардемкулович, «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ бас сарапшысы