Денсаулық сақтауТОП

Даладан палатаға дейін: Аягөз қаласының кәсіби командасы зейнеткердің аяқ-қолын аман алып қалды

Абай облысы Аягөз қаласындағы Көпсалалы орталық аудандық ауруханада 75 жастағы науқасқа жоғары технологиялы ота сәтті жасалды. Ер адам тұрмыстық жағдайда жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Тексеру нәтижесінде оның үлкен жіліншік сүйегінің пилоны көп сынықты, айқын ығысуы бар сынық, сондай-ақ оң жақ аяқтың сыртқы тобығының сынуы анықталды.

Қажетті дайындықтан кейін операция жергілікті анестезиямен, заманауи С-дуга мобильді рентген құрылғысының көмегімен жүргізілді. Бұл құрылғы сүйек сынықтарын орнына келтірудің дәлдігін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Мамандар тобы жабық репозиция, үлкен жіліншік сүйегінің сүйек үстілік остеосинтезі және сыртқы тобықтың остеосинтезін металл спицалармен жүргізді.

Отаға жоғары санатты травматолог-ортопед, қауымдастырылған профессор Айдос Советханұлы Тлемисов, травматолог-дәрігерлер Олжас Сүндетбекұлы Байтереков, Дәурен Бейсенұлы Мұхаметқалиев, резидент-дәрігер Темірлан Маратбекұлы Маратбеков қатысты. Анестезиологиялық қамтамасыз етуді дәрігер-анестезиолог Думан Маратович Төлеуханов жүзеге асырды. Айдос Тлемисовтың айтуынша, ол аурухананың шақыруымен екі ота жасаған: пилон сынығына сүйек үстілік блоктық остеосинтез және бұрандалы сыныққа ішкі сүйек остеосинтезі. Екі операция да сәтті өтіп, науқастың жағдайы тұрақты түрде қалпына келіп жатыр.

— Аурухана шақыртуымен екі ота жасалды. Жабдықтың заманауилығы мен персоналдың дайындық деңгейі отаны жоғары сапада өткізуге мүмкіндік берді. Науқастың жағдайы тұрақты, — дейді қауымдастырылған профессор, жоғары санатты травматолог-ортопед. Айдос Тлемисов.

Айта кетерлігі, бұл ота Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында толықтай тегін жүргізілді.

— Мұндай ота сақтандырылмаған азаматтарға 700 000 теңгеден астам қаржыға түсуі мүмкін. Алайда МӘМС арқасында барлық көмек тегін көрсетілді, — деп түсіндірді дәрігер Олжас Байтереков.

Ол сондай-ақ жаз мезгілінің келуімен әсіресе ауыл тұрғындары арасында жарақат алу жағдайлары көбейетінін айтып, физикалық жұмыстар кезінде мұқият болуға шақырды. Науқас Қалияс Бекентұров жыл сайын егіс алқабында еңбек ететінін, бірақ қарапайым құлаудың осындай ауыр жарақатқа соқтыратынын күтпегенін жеткізді.

— Ота жақсы өтті. Жылдам әрі тегін жасалды. Барлық дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне қамқорлықтары мен кәсібилігі үшін алғысым шексіз, — деді ол.

Остеосинтез — бұл сүйек сынған кезде оны арнайы металл құрылғылармен біріктіріп, хирургиялық жолмен емдеу әдісі. Заманауи технологиялар мен С-дуга сынды құрылғыларды қолдану сүйек сынықтарын жоғары дәлдікпен орнына келтіріп, аяқ-қолдың қызметін толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Әсіресе сүйек үстілік бекіту әдісі көп сынықты күрделі жарақаттарда жұмсақ тіндерді барынша сақтап қалуға сеп болады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button