5511 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткерген 200-ге жуық сарбаз үйлеріне аттанды

Елдің әр өңірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шықты. Бір жыл бойы адал қызмет еткен сарбаздар саптық алаңда әскери бөлім ұжымымен қоштасып, үйлеріне аман-есен аттандырылды.
Бригада командирі, полковник Айбек Аскерович Исенов сарбаздардың жетістіктері мен әскери тәртіпті жоғары бағалап, өткен бір жылда барлық сарбаз өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындағандары үшін алғыс білдірді.
– Біз әр сарбазымызбен мақтанамыз. Бір жылдың ішінде қарқынды жауынгерлік дайындықтан, теориялық және практикалық сабақтардан өтіп, жас шақырылушылар – нағыз жауынгерге, ел қорғаушыларына айналады. Осы уақыт ішінде олар жаңа тәжірибе жинап, кәсіби дағдыларды меңгеріп, жаңа мамандық иесі атанады, – деді 5511 әскери бөлімінің командирінің орынбасары, подполковник Арман Жұмақанұлы Абдрасулов.
«Срочник 2.0» бағдарламасы аясында Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің 10-нан астам сарбазы білім беру гранттарына ие болды. Әскери бөлім командирі ұландықтарға салтанатты түрде сертификаттар табыстады.
Салтанатты іс-шараға өзара әрекеттесуші құқық қорғау органдарының басшылары, Ұлттық ұлан ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, сондай-ақ республикалық “Аналар жүрегі” сарбаз аналар ұйымының өкілі Татерова А.Б. қатысты.
Іс-шара барысында сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Салтанатты жиналыстан кейін мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздар саптық алаңда соңғы рет саппен жүріп өтіп, әскери бөлім ұжымымен естелік суретке түсті.