
Семей қаласының №18, 19, 21, 41, 42, 48 жалпы орта білім беру мектептерінің 10 сынып оқушыларына арналған жиынның бір күні 31767 әскери бөлімінің аумағында өтті. Әскери бөлімнің тұрмыс-тіршілігімен танысуға 60-тан астам оқушылар қатысты. Олар бұл жиыннан мол сабақ алып, мамандық таңдау маңызды іс екенін ұғынды.
Бес күндік жиынның негізгі мақсаты – Қарулы Күштердің мәртебесін арттыру, оқушыларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Шара барысында 31767 әскери бөлімінің сержанттар құрамы оқушылармен жауынгерлік даярлық барысындағы өткізілетін тәжірибелік сабақтар жүргізді. Атап айтсақ, саптық дайындық, АК-74 автоматын шашып-жинау, алғашқы медициналық көмек көрсету, жаппай қырып-жою қаруынан қорғану сынды бірқатар әскери дайындық бойынша сабақтарға қатысты.
Болашақ отан қорғаушыларды мектеп кезінен тәрбиелеу – ол жалпыға ортақ міндет. Осындай өзара ұйымдастырылған шаралар арқасында оқушылар әскердегі тәртіп пен жауапкершіліктің атмосферасын сезінеді, – дейді 31767 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Дамир Исаков.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі