Абай облысыТОП

Облыс әкімі: Инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру керек

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу барысы талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 22 885 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 14 873-і – тұрақты, 7 808-і – уақытша жұмыс орындары.

Ұлттық жобалар шеңберіндегі іске асырылатын инфрақұрылымдық жобалар, «Ауыл Аманаты» және «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламалары аясында тұрғындарды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Қалалар мен аудандар әкімдіктеріне өңірлік жұмыспен қамту картасын орындаудың ай сайынғы жоспары бекітілген.

Өңірлік картаның субсидияланатын жұмыс орындарын құру бағыты бойынша 5 323 адам жұмысқа орналастырылған. Президенттің әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жаңадан ашылған кәсіпорындарда 824 адам еңбекке тартылған.

Жиында Семей, Курчатов қалалары мен Аягөз, Ақсуат, Бородулиха, Көкпекті, Мақаншы аудандарында жұмыс орындарын құру жоспарының тиісті деңгейге орындалмай жатқаны атап өтілді.

Облыс әкімі қала-аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, жоспарланған жобаларды қайта қарап, нақты жұмыс орындарының ашылуын, зейнетақы жарналары мен еңбек келісімшарттарының рәсімделуін қатаң бақылауды тапсырды.

Талқыланып отырған мәселе өте маңызды. Облыста ресми тіркелген 10 790 жұмыссыз азамат бар, ал тіркелмегені қаншама. Ауылдан жұмыс таппай облыс орталығына көшіп келіп жатқан адамдар қатары қалың. Барлығына қаладан жұмыс тауып беру, олардың үй, мектеп, балабақша және емхана мәселесін шешу үлкен қаржыны талап етеді. Сондықтан инвестор тартып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімдерінің нақты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру керек, – деді аймақ басшысы.

Кеңесте облыстың әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындылары және бюджет қаражатын игеру мәселелері туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы басқармаларының басшылары баяндады.

Ағымдағы жылдың 4 айында былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 көрсеткіш бойынша өсім бар. Жыл басынан бері облысқа 88,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Нақты көлем индексі 116 пайызды құрады. Жиында өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру салалары бойынша көрсеткіштердің төмендегені айтылды.

Облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу үшін бюджеттің кіріс және шығыс жоспарларын орындаудың маңызды екенін атап өтті. Аудан әкімдеріне инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Қызметке тағайындалған күннен бастап облысқа инвестиция тарту мақсатында 40-тан астам инвестормен кездестім. Ал, біздің аудан әкімдері бұл бағытта тиісті жұмыс атқармай, өз аумағын тек бюджет есебінен дамытуды ғана көздейді. Қымбат офтейк келісімдерімен жұмыс істеуге әуес. Сондықтан инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жандандыру керек, – деді аймақ басшысы.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button