
Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов «JOLAMAN» сауда-логистикалық орталығына барып, қазіргі жағдайын және алдағы даму жоспарын талқылады. Орталық пандемия кезінде карантиннен кейін жұмысын тоқтатқан болатын, алайда бүгінде оны қайта іске қосып, толыққанды сауда орталығына айналдыру көзделіп отыр.
Көшпелі жиынға белгілі меценат, кәсіпкер, сауда орталығының басшысы Марат Құрманбаев пен бөлім басшылары қатысты. Сауда нысаны қала шетінде орналасқандықтан, қала әкімі халықтың қолайлы қатынауын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сауда нысанына жету үшін қоғамдық көлікті көбейту керек. Сонымен қатар, ауласын абаттандырып, барлық инфрақұрылымдық мәселелерді шешкеніміз дұрыс. Бұл саудагерлер мен кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Сатушылардың делдалсыз, заңды әрі тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ал біз қала дамуына үлес қосатын жобалармен бірігіп жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді Талғат Мұратов.
«JOLAMAN» сауда орталығы бірнеше нысаннан тұрады. Мұнда арнайы мал сою және мал сату орны, ет сату алаңы, ветеринариялық сараптама орталығы, 5000 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын қойма, автотаразы, асхана және алыс аудан мен ауылдардан келген кәсіпкерлерге арналған қонақ үй қарастырылған.
Сонымен қатар, бүгінде қалада заңсыз сауда орындары қатаң бақылауға алынуда. Рұқсатсыз сауда жасау тұрғындардың қауіпсіздігіне, санитарлық жағдайға кері әсерін тигізетіндіктен, бұл мәселені жүйелі түрде шешу жоспарлануда. Бұл халыққа ыңғайлы әрі қауіпсіз сауда жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, шағын және орта бизнес өкілдерінің заңды негізде жұмыс жүргізуіне жол ашпақ.