Облыс әкімдігінің отырысы өтті

Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысы өтті. Жиынға қала-аудан әкімдері, басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Отырыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу, халықты ауыз сумен қамту, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы, облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда өңірде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Тұрақтандыру қоры арқылы облыс бойынша 19 әлеуметтік павильонда және 5 ірі сауда нүктесінде өнімдер белгіленген бағамен сатылуда. Қазіргі уақытта қорда 3121,8 тонна азық-түлік бар.
Сонымен қатар, өңірде кәсіпкерлермен ұзақ мерзімді 23 меморандум жасалып, бағаны тұрақтандыру шаралары жалғасуда. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында тиісті органдар 27 әкімшілік іс қозғап, заңбұзушылықтар бойынша шара қабылдаған.
Облыс әкімі Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен аудан-қала әкімдеріне азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстауды, тұрақтандыру қорының өнімдерін тиімді пайдалануды және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды.
2025 жылғы жоспардағы жеке аулалар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоп, сәбіз, қырыққабат және басқа да көкөністердің егіс алқаптарын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді қамтамасыз етуді жүктеді.
Әкімдік отырысында облыстағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады.
Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 753,1 мың гектарға егіледі. Көктемгі егіс жұмыстарына 39,6 мың тонна тұқым дайындалды. Тыңайтқыштарды пайдалану көлемі 39%-дан 50,6%-ға дейін ұлғайған. Қазіргі уақытта 11,8 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалды. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 90%-ды құрайды. Көктемгі егіске 7 833 трактор, 302 жоғары өнімді егіс кешені, 1 971 сепкіш және 2 794 топырақ өңдеу құралы қатысады. Сонымен қатар, 27,5 мың тонна дизель отыны бөлінді.
Облыс әкімі шаруаларды отандық өндірістің тұқымымен қамтамасыз ету Мемлекет басшысының тапсырмасы екенін атап өтіп, Ауыл шаруашылығы басқармасы мен қала және аудан әкімдеріне егістік алқаптарды әртараптандыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу және ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту бойынша Үкіметпен бекітілген көрсеткіштерді толық орындау қажеттігін айтты.
Жеңілдетілген дизель отынына өтінім берген шаруашылық құрылымдары тарапынан сатып алатын көлемдерінің қаражатын операторларға уақтылы төлеулерін қамтамасыз етіңіздер. «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі дала жұмыстарына бөлінген қаражаттың толық игерілуін қадағалауда ұстау қажет, – деді аймақ басшысы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ