Абай облысыТОП

Бесқарағай ауданының 2024 жылғы жетістіктері

Ауданның дамуы бірнеше маңызды бағыттарға, соның ішінде ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Бұл сала – Бесқарағай ауданы экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылы аудан бюджеті 6,3 млрд теңгеге орындалған.

– Кірістер 1,7 млрд теңгені, субвенция 1 млрд теңгені, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер 2,7 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар ауылдық округтерге 1 млрд теңге бағытталды. Өткен жылы орташа жалақы 253 946 теңгеге жетті, – деді Нұрбек Қошқарбаев.

Аудан әкімі атап өткендей, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,1 млрд теңгені құраған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 867,7 млн теңге.

– Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 20,6 млрд теңгеге жетті. Оның 12 млрд теңгесі – жеке инвестициялар, ал 8,6 млрд теңгесі – бюджет қаражаты. Кәсіпкерлік тек экономиканы қолдап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да құруда. Өткен жылы бөлшек сауда айналымы 8,7 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда ауданда 1 238 шағын кәсіпорын жұмыс істейді, – деп атап өтті Нұрбек Қошқарбаев.

Сонымен қатар кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануда. «2021-2025 жылдарға арналған Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 20 кәсіпкерге 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді.

– «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Бесқарағай несие» несие серіктестігі төрт шаруа қожалығына көктемгі егіс жұмыстарына 123,7 млн теңге несие берді. 2024 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 32,4 млрд теңгені құрады, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ Нұрбек Қошқарбаев жол жөндеу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл аудан тұрғындары жиі көтеретін маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, Бозтал мен Қарағайлы ауылдары арасындағы жолдың жағдайы алаңдаушылық тудырады.

– Бұл мәселе бір күнде шешілмейді, 20 жылдан бері көтеріліп келеді. Қазіргі таңда 18 шақырымдық жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын, ол мемлекеттік сараптамадан өтті. Сараптама толық аяқталған соң бюджеттен қаржы бөлуге өтінім береміз. Сонымен қатар Мостик ауылына баратын жолды жөндеуге қатысты да жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл бағытта да тұрғындардан бірнеше рет өтініштер түскен, – деді Нұрбек Қошқарбаев.

Жалпы алғанда, 2024 жылы аудандық маңызы бар «Қара-Мұрза ауылына кіреберіс» автожолының 1,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесқарағай ауылындағы Молдажанов және Қалтаев көшелеріне, Қарағайлы ауылындағы Абай және Алаш көшелеріне орташа жөндеу жасалды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button