Абай облысыауылшаруашылығыТОП

Абай облысында «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы: ауыл кәсіпкерлігін дамыту және фермерлерді қолдау

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – Қазақстан мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл кәсіпкерлігін қолдаудың және фермерлік шаруашылықтардың өсуіне жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда «Ауыл Аманаты» жобасы ауыл экономикасын нығайтуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді құралға айналды.

2023 жылы Абай облысында бұл жобаға 2,059 млрд теңге бөлініп, 6 аудан мен 96 ауылдық округті қамтыды. Нәтижесінде өңірде 280 жаңа жұмыс орны құрылып, 210 адам өздерінің жеке кәсіпкерлігін тіркеді. Бұл көрсеткіштер ауыл тұрғындарының жеке ісін дамытуға деген белсенділігі мен ауылдағы экономикалық белсенділіктің артқанын айғақтайды.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі элементі – кәсіпкерлікті, әсіресе мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын дамыту үшін жеңілдетілген несие беру. Қарыз алу шарттары барынша қолайлы: несиелер жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Ең жоғары несие сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін белгіленген.

Бұл мүмкіндіктердің арқасында фермерлер тек мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып қана қоймай, қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосып, бал арасын өсіру ісін дамытып, тіпті наубайханалар мен жартылай фабрикаттар өндіретін цехтар сияқты ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпорындарды аша алады. 2023 жылы Абай облысында 363 несие, оның ішінде: 199 несие – ірі қара мал сатып алуға (2 709 бас), 22 несие – ұсақ мал сатып алуға (2 120 бас), 132 несие – жылқы сатып алуға (2 015 бас), 4 несие – бал шаруашылығын дамытуға (323 ара ұясы), 6 несие – ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті ашуға берілді.

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру ауыл экономикасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және фермерлікті дамытуға ықпал етеді. 2023 жылдың табысты тәжірибесі жеңілдетілген несиелер беру механизмі ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие әрі тиімді екенін көрсетті. Бағдарлама тек жаңа кәсіпкерлерге өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесіп қана қоймай, ауылдық елді мекендердегі өмір сүру деңгейін жақсартуға да үлес қосуда.

Абай облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Сүлейменов жоба өңір үшін маңызды екенін және ағымдағы жылға арналған жоспарларды атап өтті.

Ауыл аманаты» жобасы – фермерлерді қолдаудың нақты құралы, ол тек ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз ауыл тұрғындарының бұл жобаға белсенді қатысып, өз шаруашылықтарын дамытып, жаңа жобаларды іске қосып жатқанын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде ауыл экономикасын нығайтуға септігін тигізеді. 2025 жылы Абай облысында осы жобаға 1 млрд теңге бөлу жоспарланған, бұл оның ауқымын кеңейтіп, фермерлер үшін қатысуды одан да қолжетімді етеді. Биыл қаржыландырудың басым бағыттары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға бағытталады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Осылайша, Абай облысында «Ауыл аманаты» жобасы табысты іске асырылып, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына, жұмыссыздықтың төмендеуіне және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің өсуіне ықпал етуде. Жобаның одан әрі кеңеюі өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамытуға берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Semeynews.kz

 

 

Осы айдарда

Back to top button