Абай облысыТОП

Семейде зағип жандарға арналған кітапхана құрылысы аяқталуда

Абай облысында маңызды әлеуметтік жоба – көру қабілеті нашар және зағип азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана құрылысы жүргізілуде. Бастама «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен көру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін білім алуға, дамуға және қарым-қатынас жасауға қолжетімді кеңістік құруға бағытталған.
Жаңа нысан оқырмандарға кең ауқымды қызметтер ұсынатын болады. Кітапхана қорында Брайль қарпімен жазылған кітаптар, аудиокітаптар, тактильді басылымдар мен ірі қаріппен жазылған кітаптар қамтылады. Сондай-ақ пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін компьютерлік ресурстар, экраннан оқу бағдарламалары, интернетке қолжетімділік және бейімделген веб-сайттар ұсынылады.
Кітапхана кеңістігі көпфункционалды аймақ ретінде жобаланған. Онда оқу залдары, кітап клубтарына, дәрістерге, семинарлар мен көрмелерге арналған алаңдар, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтары қарастырылған. Мұның бәрі оқуға, әлеуметтенуге және тұлғалық дамуға қолайлы орта. Жаңа кітапхана жыл сайын 20 000 адамға дейін қызмет көрсетіп, білім мен оқу ресурстарына қолжетімділікті арттырады.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 90%-ға аяқталып, ғимараттың ішкі әрлеу кезеңі жүріп жатыр. Жақын арада кітапхана есігін айқара ашып, әрбір азамат үшін білім пен мәдениет орнына айналады.
Осылайша «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен қоғамдық инфрақұрылымға барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін инклюзивті стандарттар енгізілуде. Жаңа кітапхана құрылысы – жай ғана әлеуметтік жоба емес, әрбір жанның физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, білім мен оқу ресурстарына еркін қол жеткізуіне бағытталған маңызды қадам.
Айта кетейік, өткен жылы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Семей қаласында Абай атындағы кітапхана қайта жөндеуден өтіп, сондай-ақ көру қабілеті нашар және зағип жандарға арналған арнайы кітапхана ғимараты қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылды. Бұл бастамалар ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп, кітапханалық кеңістіктердің жайлылығын арттырды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button