Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Абай облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның биылғы алғашқы жоспарлы отырысы болды. Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында «Ұзақ құрылыстарды сүйемелдеу жоспарын іске асыру барысы» талқыланды.
Қазіргі таңда облыс аумағында 26 проблемалық құрылыс нысаны бар. Оның 23-інің тапсырыс берушісі – жергілікті атқарушы органдар.
Отырыста жоғарыда аталған құрылыс нысандары бойынша облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларын басшыларының және Семей қаласы әкімінің есебі тыңдалды. Аягөз, Бесқарағай, Көкпекті, Үржар, Мақаншы аудандарының әкімдері бейнережим арқылы баяндама жасады.
Аймақ басшысы отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі аппаратына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп, үш жұмыс күні ішінде хаттама дайындауды тапсырды.
Президентіміздің «Проблемалық құрылыс нысандарына қатысты жұмыстардың барысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан сүйемелденуі тиіс» деген 2023 жылғы қазан айында берген тапсырмасы бар. Құрылыс нысандарының салынуына бюджеттен қомақты қаржы бөлінген, ал мердігерлер өз міндеттерін атқармаған. Қатаң бақылаудың жоқтығы себебінен мемлекет қаражаты желге ұшып, мемлекет мүлкі талан-таражға түсіп, халық тиісті игіліктеріне қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті атқарушы органдар мердігерлермен тығыз жұмыс істеп, мәселелерді дер кезінде шешуі тиіс. Тұрғындар сапалы инфрақұрылымға уақытылы қол жеткізуі керек, – деді облыс әкімі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ